Павлодарда телефон алаяқтарының құрбаны болған екі зейнеткер банк бөлімшесінде петарда жағып, жеңіл жарақат алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Полицияның мәліметінше, оқиға туралы хабарлама банк бөлімшесінде пиротехникалық бұйымның жарылғанынан кейін түскен. Зардап шеккен екі зейнеткерге жеңіл жарақат тіркелген.
Белгілі болғандай, олар бұған дейін жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, қаржысынан айырылған. Кейін алаяқтар қайта хабарласып, бұрын жоғалтқан қаражатты қайтарып береміз деп сендірген. Психологиялық қысым көрсеткен күдіктілер зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген.
Алаяқтардың нұсқауына сенген зейнеткерлер торттың ішіне жасырылған петарданы банк ішінде тұтатқан.
Аталған дерек бойынша полиция бірнеше қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.