«Акварель» көркемсурет студиясының тәрбиеленушілері Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен Golden Time Talent халықаралық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасын табысты таныстырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Беделді халықаралық марапаттау рәсімінің сахнасына шығармашылық шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен байқау жеңімпаздары ғана шығу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан делегациясының құрамында жас суретшілер Берік Әмина, Исенова Дария, Садвокасова Мелисса және студия жетекшісі Есылбаева Әлия Жанатқызы болды.
Салтанатты рәсімде әлемнің 76 елінен келген шығармашылық саласының үздік өкілдері марапатталды. Олардың қатарында Қазақстаннан барған қатысушылар да лайықты орын алып, өздерінің жоғары дайындық деңгейі мен көркемдік шеберлігін дәлелдеді.
Мәдени бағдарлама аясында Лондондағы Indra Gallery галереясында байқау жеңімпаздарының халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстандық жас суретшілердің туындылары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, халықаралық шығармашылық қауымдастық өкілдері мен келушілер тарапынан жоғары бағаланды.
Осындай ауқымды халықаралық іс-шараға қатысу Қазақстанның дарынды балаларының әлемдік бейнелеу өнері сахнасында өз елін лайықты таныта алатынын көрсететін маңызды жетістік әрі олардың шығармашылық әлеуетінің тағы бір айқын дәлелі болды.