Ай мен Айша. Жүрекке құйылған ай сәулесі

Malim Админ

  • 13.02.2021

–  «Ай мен Айшаны» оқыдың ба?
– Бір оқырмын деп жүр едім...Қай жеріне келдің? –  дедім кітапты pdf форматын ашып оқып отырған жолдасымның ноутбугіне көз қиығымды салып.
–  Қылғытып жұта бересің, ғажап қой!– деді ол оқып отырған дүниесінен көз алмаған күйі.
Өзім де кітап оқып отырған сәтімде біреудің ойымды бөлгенін қаламайтын едім. Үнсіз қалдым. Бірақ диалогымызды  өзі қайта жалғады.
– Қайран Шерхан аға! Енді Шерхан ағамдай жазушы  туар ма екен?! «Ай мен Айша» тұтас бір дәуірді көз алдыңа алып келетін, қарапайым тілмен жазылған ұлы шығарма ғой! Шынайы жазылған шығармадан артық жанның емшісі бар ма?! Кірпішті көзін жұмып қалайтын кәнігі құрылысшыдай сөйлемін оңай өреді. Ғаламат енді! –  деді тамсана...
Оқуға аңсарым ауып, кітапқа бас қойдым.
Әсіре суреттеу, ойдан құралған оқиға, жасанды образ дегеннен ада, жеп-жеңіл жазылған, шып-шымыр мұндай дүние оқымағаныма көп болыпты. Екі кітаптан тұратын роман-дилогияны қат-қабат шаруаларыммен алысып жүріп, екі күнде оқып тастадым. Шынымды айтсам, бала күнімнен колхоздастыру кезеңі, соғыс жылдарындағы  тылдағы ауыр тұрмыс туралы кітаптарды талғамай көп оқығаннан ба екен, кейінгі жылдары сол дәуір кітаптарына көз салғым келмейтін.
Ал «Ай мен Айша» болса мені бауырына басып алып, құшағынан шығармай қойды. Бір сиқырға арбалғандаймын.
Күрсінген кейіпкерімен бірге күрсіндім. Өкінсе, ішім өртене, дәрменсіз қармандым. Күшті әлсізге әлімжеттік жасаса болысқым кеп бұлқындым. Аңырай жылаған Айшамен бірге айға мұңымды шағып, шерімді төктім...

"Ай мен Айша" оқырманын осылай әптер-тәптерін шығара «жұлқылау» тек Тәңіртауда туған хас шебердің ғана қолынан келсе керек.
Шынайылығымен тылсым әрі мөлдір шығарма бұл. Ыза-кек, арам пиғыл, ожар мінез секілді тіршілікте кездесетін жамандық атаулын да кіжінбей, оқырманының жанын кірлетпей жаза алу тек болмысы биік жазушының ғана қолынан келері сөзсіз. Мен Шерхан атамыздай заңғар жазушыға баға беруден аулақпын. Қарапайым оқырман ретінде алғашқы бетін ашқаннан тұңғиығына тарта жөнелген туынды туралы әсерімді бөліспей тұра алмадым.
Романның бас кейіпкерлері: Барсхан- автордың өзі, ал Айша - Барсханның анасы. Екеуі де бастарына мың бәле түссе де, оңғаққа ермейтін қайсар, табанды, адал. Ұстанымдарына берік кейіпкерлердің әділдіктен айнымайтын әрекеттеріне қарап, «Апырау, сондай сын сағаттарда мен болсам қайтер ем?»деп жаныңның түкпіріне көз салады екенсің. Аштықтан бұратылып, көз іле алмай жатқан Барсханның түнде шыдамай кетіп ауылдасының асыранды үйректерінің бірін ұрлап жемек болған әрекетінің өзі жирендірмейді. Себебі, авторда шығармаға жанынан жалған сөз қосып, оқырманын адастыру ниеті мүлдем жоқ. Өмірді ішінде сен де жүргендей етіп жүрдек жаза береді, жаза береді... Кейде мен жазушымын деп жүрген кісілердің жазбаларын көзім шалады әлеуметтік желіден.

«Мен адалдықты көксеймін», «Мен екіжүзділерді жаныма жуытпаймын» деген сыңайда жазып қалып жатады. Ондайда «Менін» алға шығарғаны қайткені екен» деп іштей көңілім қоңылтақсып қалатыны бар. «Ай мен Айшаның» өн бойынан ондай пенделіктің жұрнағын да көрмейсің. Жаның тазалана береді. Айша сырласатын Айдың жарығы жаныңды жарқырата түскені былай тұрсын, жүрегіңе сәулесі құйылады. Кітаптың әр тарауын оқып болып, соншама қарапайым әрі соншалықты тереңдігіне тамсанасың. Ешқайда алаңдамайсың. Сен барсың және саған өмірді баяндап отырған автор бар. Екеуің әңгімелесіп отырған тәріздісің. Тоймайсың. Жалғасын оқуға ынтығасың.
"Ай мен Айшада" ойыңдағыны дөп басатын ойлы тіркестер көп. «Қарғаларда қайғы жоқ. Қайғысыз-мұңсыз адам ұзақ жасайтын көрінеді. Ал қарғалар үш жүз жыл жасайды деседі. Әрине, жасайды. Қарғалар қайғырмайды. Біз қайдан үш жыл жасаймыз. Қадам басқан сайын қайғы».
Бүгінгі күні де осы ғой. Басымызды тауға да, тасқа да соғамыз. Қызығымыздан шыжығымыз басым ба деп қалатын едім.
«Адамды Құдай арманынан жерітпесін. Адамның күні арманмен» дейді бірде жазушы. Иә, арманнан ажыраған күні өміріміз мәнінен айырылатыны анық қой.
«Ұйқым тыныш болсын десең, имансыз іс істеме».
«Ал адамдар жұлдыздардан үйренбейді. Көбінесе біріне-бірі қолын беріп, құдықтан құтқарып қалмайды, керісінше итеріп жібереді. Сондықтан да адамдарда қуаныштан гөрі қасірет басым». Осындай ойыңды дөп басқан тіркестерді қайталап оқып отырып қаласың. Тоймайсың дейтінім осы.
Ал роман кейіпкері Айшаның болмысы мүлдем бөлек. Ол  - ұлтымыздың анасы, қаһарман әйел. Жазықсыз айдалып, сұм саясаттың құрбаны болған күйеуі Мұртазаның ошағының отын сөндірмейін, ұрпағын аман сақтайын деп күрескен әйелдің жаны сонша нәзік бола тұра, жүректі, батыл, қайратты. Кей-кейде нәзік әйел затымын ғой деп тағдырдың сынағына мойырыла қалатын мінезіме сын көзбен қарадым ба, әйтеуір жүрегім шымырлап, жігер пайда болғандай сілкіндім бе... Көкірегімді бір беймәлім сезім кернеді. Айшаның шынайы болмысына тәнті болдым. Өз анамды ойладым...
Сағыныш, үміт, мейірім, туған жерге  сүйіспеншілік, бауырға деген ықылас... бәрі-бәрі жүрегімді елжіретті. Сонау аласапыран уақыттың өзінде даналығынан ажырамаған ұлтымыздың болмысымен қауыштым.

Ал қазір... ұсақталып барамыз ба, бәрі басқаша... Кітапты оқып болдым да, қызыма «Ай мен Айшаны» оқисың ба?»- дедім. Ол болса таңдана қарады. Мен тілімді тістеп қалдым. Өйткені ол өткен жолы ғана «Гравити Фолздің үшінші күнделігін»  құшақтап жүрген. «Ұлт туған жердің топырағынан жаралған» дегенді оқып ем бір жерден. Рас-ау.Қазіргі балалардың қазақ топырағының иісіне тамсана алмайтыны, ұлтымыздың болмысына емес, батыс мәдениетіне құштарлана елтитіні қандай өкінішті...
Айнұр Саламат

Байланысты жаналықтар

Тао Порчон-Линч: “Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін” 

03.05.2021

“Шашы ұзынның ақылы қысқа” ма?

27.03.2021

Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”

23.03.2021

Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!

09.03.2021

Айнұр Саламат: Сынық коньки

05.02.2021

Тынымбай екеуімізге сыйлық беруге Алдан Смайыл қарсы болған

21.12.2020
MalimBlocks
Тао Порчон-Линч: “Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін” 

83 жасында жамбасын сындырып алғанына қарамай, би билеуді үйреніп алған Тао Порчон-Линчнің хиқаясы

“Шашы ұзынның ақылы қысқа” ма?

Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”

Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!

Айнұр Саламат: Сынық коньки

Тынымбай екеуімізге сыйлық беруге Алдан Смайыл қарсы болған