Танымал әнші Әли Оқапов әлеуметтік желідегі парақшасында бұрын көпшілікке көрсетілмеген суреттерін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Дереккөздің мәліметінше, фотоларда оның балалық шағындағы сәттер мен анасы, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның жастық кезеңіндегі естеліктер бейнеленген.
Әнші суреттердің астына қысқа да әсерлі жазба қалдырды.
"Мама, туған күніңмен", – деп жазды ол суреттің сипаттамасында.
Пост жарық көрісімен-ақ желі қолданушылары Роза Қуанышқызын жылы лебізге бөледі. Көпшілік қазақ музыкасының символына айналған өнер иесіне денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
"Қазақтың примадоннасы, туған күніңізбен! Денсаулығыңыз мықты болып, немере-шөберенің қызығын көріңіз!", "Сіздей өнер иесі бар ел – бақытты! Әли мен Мәди сияқты асыл ұлдарды тәрбиелегеніңіз үшін алғыс!", "Роза Қуанышқызы, сіз – қазақтың мақтанышысыз! Ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт тілейміз!" – деп жазды желі қолданушылары.