АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын "Томагавк" қанатты зымырандарын беруге келісімін берді, деп хабарлайды Malim.kz CNN-ге сілтеме жасап.
Әскери ведомствоның бағалауынша, мұндай қадам АҚШ-тың зымыран қорына елеулі әсер етпейді, ал түпкілікті саяси шешім президент Дональд Трамптың құзырында қалды.
Айта кетсек, Трамп осы айдың басында Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен жұмыс түскі асында зымырандарды бергісі келмейтінін мәлімдеген.
Біз өз елімізді қорғау үшін қажет қаруды тарата алмаймыз, - деген еді ол.
Пентагон мен Біріккен штаб бастықтары комитеті Ақ үйге өз бағасын дәл осы кездесудің алдында жіберген. Бұл уақытта Зеленский Украинаға ресейлік мұнай және энергетикалық нысандарды терең қашықтықтан дәл соққыға алуға мүмкіндік беретін "Томагавктарды" алуға мүдделі екенін ашық айтқан еді.
АҚШ-тың еуропалық одақтастарының пікірінше, бұл бағалау Вашингтонның енді зымырандарды бермеуге сылтау қалмағанын көрсетеді. Екі еуропалық дипломаттың айтуынша, Пентагонның қорытындысы Киевке қару беруді қолдайтын еуропалық елдерді жігерлендірген.
Трамп та бірнеше күн бұрынғы мәлімдемесінде АҚШ-та өте көп Томагавк бар екенін мәлімдеп, оларды Украинаға беру мүмкіндігін қарастыруға болатынын айтқан еді.
Айта кетейік, "Томагавк" – АҚШ-та жасалған жоғары дәлдікпен алыс қашыққа ұшатын қанатты зымыран. Оның ұшу қашықтығы шамамен 1600 км және ол стратегиялық нысандарды дәл соққыға алуға қабілетті.