Қазақ олигархы британдық ауылдың мазасын алып жатыр

Malim Админ

  • 21.09.2020

Англияның Daily Mail басылымы қазақстандық олигарх пен ағылшындар арасында келіспеушілік туындап жатқанын жазады. Басылым «мұнай бароны» деп атаған Нұрлан БИЗАҚОВ бүкіл бір қалашық тұрғындарына несімен жақпай қалды?

«Мұнай бароны Нұрлан Бизақов East Sussex-тегі жылқы зауытының орнына үлкен үй-жай салмақшы. East Hotley-дің жүздеген тұрғыны бұл жоспарға қарсы шығып жатыр, ал ол Кеңестің рұқсатын алып алған. Олар үйлер ауылдың тарихи келбетіне нұқсан келтіреді дейді», деп жазады басылым.

Қазақстандық олигарх 12 ғасырдан бері келе жатқан ауылға 205 үйден тұратын алып кешен салуға аудандық кеңестен шілде айында рұқсат алған. Осыған орай, ауыл тұрғындары арнайы кампания құрып, бұл шешімді өзгертуге бел байлап отыр. Олар енді Бизақовты сотқа бермек.

Британиялық басылымның Бизақов туралы ақпары аз емес сияқты, әлде арнайы зерттеген, әлде, Бизақов тұратын аудан тұрғындары ол туралы көп біледі. Әйтеуір, қазақстандық қоғамда онша танымал емес олигарх туралы шетелдік басылым біраз ақпарат беріпті.

[caption id="attachment_7456" align="alignleft" width="727"] Н.Бизақов ат баптауға қаржы аямапты...[/caption]

«Ол бұрынғы жұмыс орнына басып кіру үшін қазақ үкіметінің қаруланған әскерін жалдаған».

Осыдан 20 жыл бұрын болған бұл оқиға көп қазақстындықтың есінде де қалған жоқ шығар. Бірақ, бұл оқиға мүлде ұмытылды дегенді білдірмейді. 2000 жылы 88 пайызы канадалық "Харрикейн Хайдрокарбонс ЛТД." компаниясына тиесілі «Шымкентнефтеоргсинтез» (ШНОС) Шымкент мұнай айыру зауыты ЖШС акционерлері мен ШНОС төрағасы Нұрлан Бизақовтың арасында келіспеушіліктер болып, ақыры, Бизақов өз еркімен отаставкаға кеткен. Бірақ, екі ай бойы соттасып жүріп, заң жүзінде өзінің бұрынғы орнын қайтарып алады. Қызығы сол, Бизақовты бұрынғы орнына қайта отырғызуды заңсыз деп есептеген акционерлер түгелдей Бизақовты мойындамайды. Бірнеше мәрте өзінің бұрынғы кеңсесіне кіре алмай қойған Бизақов, ақыры, үкіметтің қарулы жасағын әкеліп, өзі бұрын бастық болған компания ғимаратына басып кірген.

Басылымның айтып отырғаны осы оқиға. Daily Mail бұл оқиғаға екі рет тоқталады. Біріншісінде әшейін мінездеме ретінде айтса, материал соңына қарай арнайылап жазады. «Канадалық атқарушы директор Марло Томас өзінің жеке қауіпсіздік командасымен жағдайды бақылап отырған». Тіпті, бұл оқиғаны Би-Би-Си де жазғанын келтіреді.  Сонымен қатар, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ да аты аталады. Шетелдік инвесторларға қарсы бұл оқиғаны Назарбаев үкіметінің қолдағанын және кейін Бизақовтың ғимаратты Назарбаевтың бұйрығымен басып кірмегенін айтқанына тоқталады.

«Бизақов мырза жағдайын өз отанында, қарулы «жендеттерді» жалдап жүріп жасаған...»

Өз орнын күшпен қайтарып алған соң, Бизақов «Қазфосфатты» сатып алып, фосфор мен фосфаттан үлкен ақша жасай бастайды. Басылым, оның өзі бизнесінің 1 млрд фунт стерлинг екенін растағанын айтады.

Оның соңғы 10 жылда Британиядағы ат баптаушылар арасында танымалдылыққа ие бола бастағаны айтылады. Ат баптауға ақша аямайтын олигарх өзінің «мырзалығының» арқасында бірнеше рекорд тіркеп үлегіріпті.

«Бірақ, басқа емес, Хесмондстағы 400 акрлық жылқызауытын сатып алуы оны соңғы қақтығысқа ұрындырды. Шығыс Хутли тұрғындары бұл сатып алуын құптаған, бірақ, ол «жылқының» орнына тұрғынжай кешенін салам деп шықты, оның үстіне бар ниеті өткен жылы Нормандиядан сатып алған жылқы фермасына ауып кетті. Сосын жүздеген жергілікті тұрғынның қарсылығына қарамастан 205 үй салуға рұқсат алды»  

Материалдан байқалатын көңіл-күй – Бизақовтың ештеңеден тайынбайтыны, ешкіммен санаспайтыны. «Қазақстандық олигарх ешқандай компромиске бара қоймайды» деген түңіліс бар.  Сол себепті, тұрғындар сотқа шағымданудан басқа жол көрмегендерін айтыпты.

Тұрғындар да оның ауданға салған инвестициясын құптаған, енді, шілде айындағы Вилден Кеңесінің шешімін сот арқылы өзгертуге бел байлап отыр. Тұрғындардың көбі – мұндай масштабтағы құрылыс 1000 жылдық тарихы бар ауылдың өзіндік ерекшелігінен түк қалдырмайды деген пікір айтыпты. Бұл ауылда 500-дей үй бар. Тұрғындар бұған 200 үй қосылса, ауылдың ғасырлар бойы қалыптасқан келбеті мүлде адам танығысыз күйге түседі деп есептейді.

[caption id="attachment_7457" align="alignleft" width="736"] н.Бизақовтың East Sussex-тегі "Бонд стиліндегі" үйі[/caption]

«Компромиске бармайтын» қазақстандық олигарх ауылдан «Бонд стиліндегі» жекежай салып алған, қазір сонда «тығылып» отыр. Ауыл тұрғындарының наразылығы ол үшін «ауылдың тарихи қалпын» бұзу арқылы тапқан миллиондарын алып Францияға тайып тұрғанша» ғана бас ауыртатын уақытша мәселе.

Басылым материалдың соңын:

«Ол жоспарлауға қатысты шуға пікір білдіруден бас тартты», деп аяқтайды.

Айта кету керек, Forbes журналы Нұрлан Бизақовты Қазақстандағы ең бай 50 адамның тізіміне енгізген.

Фотолар Daily Mail сайтынан алынды.