457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстандағы жаңа ұлт: орыстілді қазақ пен қазақтың арасы алшақтап бара ма?

Күні кеше журналист, PR менеджер Айбар Олжай әлеуметтік желіде жазба жариялап, ZTB паблигінің иесі Марғұлан Тұрсыновтың үстінен Бас прокуратураға арыз жолдағанын хабарлаған. Оның пікірінше, Тұрсыновтың "они более образованные, ответственные и стабильные" деген формулировкасы бір ұлтты басқа ұлттан жоғары қоюға ұқсайды.


Айбар Олжай бұл тұжырымды "превосходство арийской расы" идеологиясына ұқсатып, оны Гитлер фашизмімен тамырлас деп бағалаған.

Олжайдың айтуынша, бұл жағдай Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 174-бабын бұзуы мүмкін. Осы себепті ол Бас прокуратураға ресми арыз тапсырып, барлық қажетті мәліметті ұсынған. Құзырлы орган бұл істі өзі қарауы немесе Ішкі істер министрлігіне жолдауы мүмкін. Мәселе қоғамда қызу талқыға түсіп, заң алдында бір ұлтты екінші ұлттан артық деп көрсету жағдайы қайта көтерілді. Ал, оқиғаның дау туғызғанынан кейін Тұрсынов өзінің жазбасын әлеуметтік желіден өшіргені жайлы ақпарат тараған.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен ақпараттық ресурстарда қазақ тіліне қатысты бірнеше даулы оқиға қатарынан тіркеліп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл жағдайлар Қазақстанда біртіндеп қазақ тілді және орыс тілді қазақтардың арасында көрінбейтін, бірақ терең әлеуметтік-лингвистикалық жіктелу үдерісі жүріп жатқанын аңғартты.

Биыл танымал журналист Кәмшат Тасболаттың басынан өткен оқиға осы мәселенің анық көрінісі болды. Астанадағы Envy бутигінде ол қызына велосипед алып бермек болып барған. Қызы орысша сан есімдерді түсінбегендіктен, бағасын қазақ тілінде сұраған. Алайда сатушы қазақша сұраған 6 жасар қызды қорқытып, "Қазір таяқ жейсің! Президент не дегенін естімедің бе? Сендейлерді жазаға тартады!" деп зекіген. Сатушы мұнымен қоймай, баланы "ұлтшыл" деп кемсіткен. Бұл оқиғадан соң анасы дүкенде қазақ тілінде ешқандай жазу жоқ екенін байқайды. Заң бойынша барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде жазылуға тиіс болғанымен, Envy бұл талапты орындамаған.

Журналист заңды бұзғаны үшін дүкен басшылығы 50 АЕК айыппұл төлеуі керек екенін алға тартты. Алайда осы мәселені әлеуметтік желіде көтергеннен кейін, Кәмшат Тасболат белгісіз біреулердің қысымына тап болып, жазбасын өшіруге мәжбүр болғанын жазды. Бұл - қазақ тілін талап еткендердің өз елінде қорғансыз күй кешіп отырғанын көрсететін тағы бір мысал.

Бұған ұқсас тағы бір оқиға - Magnum сауда желісінде орын алған жанжал. Қазақша сөйлеуді сұраған қызметкерді жұмыстан шығару қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бұл жағдайда да бір қазақ екінші қазақтан қазақша сөйлеуді сұрағаны үшін жазаға тартылды. Кейін компания кешірім сұрап, жұмыстан қуылған қызметкер қайта орнына оралғанын хабарлады. Десе де, бұл оқиға да мемлекеттік тілдің қадірі қашқанын, ал оны талап етудің қаншалықты күрделі және қауіпті екенін көрсеткендей.

Мемлекеттік деңгейде де бұл мәселе ушыға түскендей. Жақында ғана Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов сенаттағы брифингте қазақ тілінде қойылған сұраққа орыс тілінде жауап беруді жөн көрді. Ол бұл әрекетін конституциялық құқығымен түсіндірді. Осыған ұқсас түрде Қазақстан ұлттық футбол құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде қойылған сұрақты келеке етіп, баспасөз мәслихатында тілшіге «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп әзіл-сықақ араластыра жауап берген. Бұл жағдай да қоғамдық ашуға себеп болды.

Тіл мәселесі шоу-бизнес пен стендап сахнасында да көрініс тауып отыр. Белгілі стендапер Александр Меркуль қазақ тілінде ғана сөйлейтін отандастарының өз елінде қарапайым қызметке қол жеткізе алмай жүргенін айтып, "орыс тілділер шеттетіліп жатыр" деген пікірлердің шындыққа жанаспайтынын жеткізді. "Қазақ тілді азаматтар өз жерінде қызмет ала алмай жүр, міне, осы нағыз мәселе" дейді ол.

Ал баспагер, қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан бұл жағдайдың себептеріне тереңірек тоқталады. Ол Қазақстандағы тілдік поляризацияның өсуін демография, білім беру жүйесі мен мемлекеттік саясаттағы алшақтықтармен байланыстырады. Оның айтуынша, қазақ тілді мектептерден шыққан жаңа буын мен орыс тілді мектептердің түлектері арасындағы айырмашылық барған сайын тереңдеп барады. Бұл өз кезегінде бірін-бірі түсінбейтін екі әлеуметтік-лингвистикалық топтың қалыптасуына әкеліп отыр.

Оған себеп те жоқ емес. Ел тәуелсіздік алғаннан бері бір жағы демография, екінші жағы мемлекеттік саясат пен ұлттық санасезім бар, қазақ мектептерінің саны көбейді. Оңтүстік пен батыста және қазақтар тығыз шоғырланған аймақтарда орысша көп сөйлемейтін буын өсіп жетілді. Ал орыс мектептерінде оқитын оқушылардың көп бөлігі бұрынғыдай қазақша қақпай мектеп бітіріп жатыр. Яғни, орыс мектептеріндегі қазақ тіліне қатысты саясат Кеңес кезінен әлі өзгере қойған жоқ. Нәтижесінде, бір-бірін түсінбейтін үлкен екі әлеуметтік-лингвистикалық топ өсіп жетілді, – дейді Шыңғыс Мұқан.  

                         Баспагер, қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан 

Мұндай әңгімелер әрқашан болған. Кеңес дәуірінен кейінгі кезеңде кейбір өзге ұлт өкілдері жаңа нарықтық жағдайға бейімделе алмай, елден көшіп, онысын “қазақтар қысым көрсетіп жатыр” деген жалған пікірлермен ақтамақ болды. Мұндай әңгіме қазір де жоқ емес. Бұл пікірді көрші елдің пропагандасы күшейтіп отыр. Мұндай пропаганда мен ақпараттық манипуляция бұрын империя болған ұлттарға тән. Ұлыбритания бұрынғы отарлары Үндістан мен Кенияға қатысты, Франция Алжирге байланысты “француз тілін ысырыр тастады” деп шығарды. Оның мақсаты – империя болған елдер бұрынғы отар елдердегі мәдени һәм экономикалық ықпалынан айырылғысы келмейді, – деп тұжырымдайды ол.

Қазақстанда қазақ тілділер мен орыс тілділер арасындағы қарым-қатынас тілдік алаңда шиеленісіп тұрғаны анық байқалады. Мемлекеттік тіл - қазақ тілі деген мәртебесі болғанымен, іс жүзінде ол мәртебе жиі аяққа тапталып жатады. Қазақша қызмет сұрағаны үшін қысым көру, жұмыстан шығару немесе келеке ету қалыпты жағдайға айналмауы керек.

Ең сорақысы - орыс тілді қазақтардың кейбірі қазақ тілінде сөйлейтіндерді әлі де төмен санайды. Бұл теріс үрдіс тоқтамаса, болашақта бір елдің ішінде екі түрлі мәдени-тілдік қауымдастық пайда болып, ұлттық тұтастыққа нұқсан келуі әбден мүмкін. Қазақ тіліне деген құрмет тек тілге емес, ұлтқа, мемлекеттілікке деген құрмет екенін түсінетін уақыт жеткендей.

Сөз соңын қаламгер Әмірхан Меңдекенің «Орыстілді қазақтар – жаңа ұлт» атты мақаласының бір үзігімен аяқтағымыз келеді.

Қазақтілді қазақтарды «байырғы қазақ ұлтының бүгінгі көзі, бүгінге жеткен жұрнағы, қара шаңырақ иесі» деп қабылдасаңыз, ал орыстілді қазақтар туралы бұлай деп айта алмайсыз. Бұларда қазаққа тән, қазақтыққа тән ешқандай сипат, ешқандай із, ешқандай жұрнақ, ешқандай белгі-бедер жоқ: ұлттық тіл жоқ, ұлттық түйсінім жоқ, ұлттық сезінім жоқ, ұлттық тұшыным жоқ, ұлттық түп-тамыр жоқ, ұлттық өріс жоқ, ұлттық діл жоқ, ұлттық рух жоқ, ұлттық тін жоқ, ұлттық намыс жоқ… Демек, «орыстілді қазақтар» дегеніміз – мүлде жаңа қауымдастық, қазақ ұлтының ұзақ жылдар бойы бодандық пен отарлықта болуының кесір-керінен пайда болған жаңа ұлт, жаңа халық. «Үйдің ішінен үй тігілді, ұлттың ішінен ұлт пайда болды дегеніміз де осы…».  

Коллаж: arasha.kz