Аустралиядағы Географ шығанағында ерлікке толы ерекше оқиға болды. 13 жастағы Остин Аппельби дауылды теңізде төрт сағат бойы шамамен төрт шақырым жүзіп өтіп, отбасын құтқарып қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
ВВС басылымының жазуынша, оқиға 30 қаңтарда болған. Остин анасы Джоанн Аппельби, 12 жастағы інісі мен 8 жастағы қарындасын алып, олармен бірге байдаркада Перт қаласынан шамамен 200 шақырым оңтүстікте орналасқан Географ шығанағын аралауға шыққан.
Кенеттен дауыл соғып, қатты толқын отбасын ашық теңізге қарай алып кете бастаған. Жағдайдың қауіпті екенін түсінген Остин бірден әрекетке көшіп, көмек шақыру үшін жағаға қайтуға тырысқан. Алайда оның байдаркасы тез арада суға толып, бір орында тұрып қалған.
"Толқынмен арпалыстым, байдарка сан мәрте аударылды. Оған ұзақ уақыт жармасып тұрдым, су ішінде бірдеңе көргендей болып қатты қорықтым. Сол сәтте өз-өзіме: "Бүгін емес, бүгін емес. Мен тоқтамауым керек" деп қайталай бердім", – деп еске алады Остин.
Теңізбен төрт сағаттық тартыс
Аса қиын жағдайға қарамастан, жасөспірім жанкештілік танытты. Ол жүзудің әр түрлі тәсілдерін алма-кезек қолданған. Алғашқы екі сағатта құтқару кеудешесімен, ал кейінгі екі сағатты еш құрал-жабдықсыз жүзіп өткен.
Жағаға жеткен соң да Остин абдырап қалмады: шамамен екі шақырым жүгіріп, телефон тауып, көмек шақырған.
Сағат 18:00-де су полициясы, еріктілер мен тікұшақ қатысқан іздестіру-құтқару операциясы басталды. Құтқарушылар Джоанн мен балаларды жағадан 14 шақырым қашықтықта байдарканың үстінде тапты. Абырой болғанда, барлығы тірі қалып, қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Инспектор Джеймс Брэдли Остинді нағыз батыр деп атап, оның табандылығы мен батылдығын ерекше атап өтті.
"Оның ерлігі мен қайсарлығы отбасын өлімнен құтқарып қалды", – деді ол.