Әнші Сәкен Қалымов жеке өміріне қатысты ой бөлісіп, өткеніне өкініш білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі "1001" бағдарламасына берген сұхбатында жастық шағында отбасының қадірін толық бағалай алмағанын ашық айтты. Оның сөзінше, сол кездегі өмір салты мен ортасы түрлі қателіктерге себеп болған.
"Өмір өзі сүріну мен қайтып түзелуден тұрады. Біздің кезімізде уақыт басқаша болды. Қолымызда стакан жүрді. Уақыт солай болды, ішкілікте, серілікте жүрдік. Құдайдың қосқан жарының, отбасының қадірін білмедік. Сондай өкініштерім бар. Ал өнерге деген өкініш жоқ. Жарымның, баламның қадірін білмей, ажырасқаныма өкінемін. Тағдыр, сүрінбейтін тұяқ жоқ деп өзімізді ақтағандай боламыз. Қазір тура жолда, құлшылықта, намазда жүргеннен кейін Алланың сынағы деймін. Алла тағала сүйген құлымды көп сынаймын дейді екен. Тағдырыма шүкір етемін. Мен бәрін мойындап отырмын. Бұл – күштілік. Қателігіңді мойындау, оны айту білу – ерлік. Заманға, жарыма сылтау айтып, жалтарып кетуге болады. Олай емес, мен кінәлімін. Ортамыз солай болды. Концерттен концерт, азаннан кешке дейін қолымызда стакан болды. Солай отбасыма қатысты өкінішім бар", – деді әнші.
Сонымен қатар, әнші отбасылық мәселелер жайлы да ашық пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ұлымен қарым-қатынасы үзілген.
"Өкінішке қарай, әзірге ортамызда мүлдем байланыс жоқ. Түсінемін, өкпелемеймін, ол кісілердікі дұрыс. Дұғадамын, бір жолықсақ кешірім сұрап, сый-сыяпат жасап, көңілдерін тапсам деп жүрмін. Ол күнде алыс емес. Сенімім мол. Кез келген ашу басылады. Бірінші келіншегімнен ұлым бар, екінші әйелімнен қызым бар. Қызыммен араласамын", – деді ол.
Бұған дейін Сәкен Қалымов өзінің өткен өміріндегі қателіктер туралы ашық сөйлеп, бұрынғы жұбайы мен баласының алдынан өтпек болғанын жасырмағанын жазған едік.