Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарайтын жалған инвестициялық ұсыныстардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алаяқтар өзін брокер, қаржы сарапшысы немесе инвестициялық компания өкілі ретінде таныстырып, қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде береді. Алдымен аз мөлшерде ақша салуды сұрап, арнайы сайт немесе қосымша арқылы жалған пайда көрсетеді.
Кейін «инвестиция көлемін арттыру», «комиссия төлеу» немесе «шотты бұғаттан шығару» деген сылтаумен қосымша ақша талап етеді. Жәбірленуші қаражатын қайтаруға әрекет жасаған кезде сайт жабылып, аккаунт бұғатталады немесе алаяқтар байланысқа шықпай қояды.
Полиция «кепілді табыс», «тәуекелсіз инвестиция» және ақшаны бірнеше есе көбейту туралы ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.
Сондай-ақ бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеу қажет.