freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ақтөбе облысының тұрғыны 30 жылдан кейін отбасымен қауышты

Қоғам
Ақтөбе облысының тұрғыны 30 жылдан кейін отбасымен қауышты
Ақтөбе облыстық ПД

Ақтөбе облысында ауылдық учаскелік полиция инспекторы 30 жыл бұрын ажырап қалған әйелдің отбасын тауып берді, деп хабарлайды, деп хабарлайды Malim.kz өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарғалы ауданына қарасты Қосестек ауылында қызмет ететін учаскелік инспектор Айболат Бекниязды жергілікті тұрғындар адамгершілігі мен жанашырлығы үшін құрметтейді.

Соңғы уақытта ауылдағыларды жіті танитын полиция майорын егде жастағы әйелдің жағдайы қатты алаңдатқан. 72 жастағы Людмила Скрипник мүлде жалғыз болған. Оның туыстары да, ешқандай құжаттары да болмаса керек. Құжаттарының қандай жағдайда жоғалғанын өзі де есіне түсіре алмаған соң көмек көрсетуді көздеген Айболат Бекнияз әйелдің құжаттарын қалпына келтіру үшін түрлі мекемелерге сұрау салған. Алғашында іздеу нәтижесіз болғанымен, кейін архивтік деректерден 30 жыл бұрынғы мәліметтер табылып, Людмила Скрипниктің үш баласы (бір ұл, екі қызы) бар екені анықталған.

Полицей бұл жаңалыққа шын қуанып, іздеуді одан әрі жалғастырған. Көп ұзамай оның қызы табылып, байланыс орнатылған.

«Телефон тұтқасын көтерген әйелден Людмила Скрипникті танисыз ба деп сұрағанымда, ол қатты толқыды. Сөйтсем, бұл - көп жыл бұрын жоғалтып алған анасы екен. Мен жағдайды түсіндірдім. Ол үш баланың да аман екенін, әрқайсысының өз отбасы барын, Павлодарда тұратынын айтты. Осы уақыт бойы олар анасын іздеп жүрген. Қызы бірден анасы менен сөйлескісі келетінін жеткізді», - дейді Айболат Бекнияз.

Қуанышқа ортақтасқан полицей қарт әйелге барып, оны маңызды жаңалыққа алдын ала дайындап, балаларымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуін ұйымдастырған. Балалары анасына құжаттары болмаса да, өздеріне жеткізіп беруге көмектесуді сұраған.

Әйел балаларын көргісі келгенімен, инспектор оның ұзақ жолға шыдай алуына алаңдаған. Ауыл дәрігерімен бірге шамамен бір ай бойы оны емдеп, денсаулығын қалпына келтірумен айналысқан.

Сәуір айында Людмила Скрипниктің денсаулығы жақсарған соң, полицей оны таксиге отырғызып, Павлодарға жіберген. Қазір ол балаларымен бірге тұрып жатыр. 

«Менің қиын жағдайыма бейжай қарамай, көмек қолын созған жалғыз адам - Айболат болды. Ол соңына дейін жанымда болып, балаларымды табуға көмектесті. Мен оған өте ризамын. Осындай мейірімді жандар көп болсын», - дейді кейуана.

Балалары да жүрегі кең учаскелік инспекторға алғысын жаудырып, хабарласып, қонаққа шақырып жатыр.

Белгілі болғандай, шамамен 30 жыл бұрын Людмила Скрипник өмірдің ауыр жағдайына тап болып, балаларынан ажырап қалған: балаларын алыс туыстары тәрбиелеген. Кейін сырқатқа байланысты ол балаларын ұмытып, басқа елге кетіп қалып, оларды таба алмаған.

«Әженің қайтадан отбасын тапқанына шын қуаныштымын. Қанша қиындық көрсе де, оның балалары мықты, мейірімді азамат болып өсіп, өз отбасыларын құрған», – деді Қосестек ауылының учаскелік инспекторы Айболат Мұратұлы.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу