Армения Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше болуға ресми түрде өтініш берді. Бұл туралы 16 шілде, сәрсенбі күні Ереванда өткен баспасөз мәслихатында елдің премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Иә, біз ШЫҰ-ға мүше болуға өтініш бердік. Бұл – тепе-теңдік пен теңгерімді саясатымызға сәйкес келеді», – деді Пашинян.
Ол Арменияның бұған дейін ШЫҰ-да бақылаушы мәртебесіне ие болғанын еске салды.
«Басқаша айтқанда, біз бұл ұйымға кенеттен, ешқандай мәртебесіз келіп отырған жоқпыз», – деді премьер.
Сондай-ақ ол бұл шешім ұйым аясында болып жатқан «елеулі әрі құрылымдық өзгерістерге» байланысты екенін айтты. Себебі ШЫҰ-да бақылаушы немесе ассоциацияланған мүше мәртебелерін алып тастау мәселесі қаралып жатыр.
Бұған дейін Арменияның Сыртқы істер министрлігі де елдің ШЫҰ-ға мүше болуға ниетті екенін растаған болатын.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі қағидаттарын – аумақтық тұтастықты, күш қолданбауды және шекаралардың мызғымастығын бөлісе отырып, Армения Республикасы ұйымға мүше болуға ниет білдірді», – делінген министрлік хабарламасында.
Фото: Asatur Yesayants/SNA/IMAGO Images