freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Астана музейлері дирекциясы Атбасарда көрме ұйымдастырды

Мәдениет
Астана музейлері дирекциясы Атбасарда көрме ұйымдастырды
Астана қалалық Бірлескен музейлер дирекциясы

Атбасар қаласындағы Ілияс Есенберлиннің әдеби музейінде Астана қалалық Бірлескен музейлер дирекциясының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 16 сәуір күні «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» атты көрме салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Көрме қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, ұстаз Сәкен Сейфуллиннің өмір жолын, шығармашылық мұрасын және қоғамдық қызметін кеңінен таныстыруға арналды.

Экспозицияда ХХ ғасырдың күрделі кезеңдерінен аман жеткен бірегей музей жәдігерлері ұсынылды. Олардың қатарында Сәкен Сейфуллиннің жеке тұтынған заттары, тұрмыстық бұйымдары, сирек кітаптары, тарихи құжаттары, фотосуреттері мен әдеби мұрасына қатысты материалдар бар. Осы құндылықтар арқылы келушілер ақын тұлғасын нақты деректер негізінде танып, оның өмір сүрген дәуірінің тарихи-әлеуметтік болмысын тереңірек сезіне алды.

Көрме мазмұны үш негізгі бөлімнен құралды. Олар «Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы», «Сәкен Сейфуллиннің қызметі», «Сәкен Сейфуллиннің мұрасы» деп аталды.

Іс-шара барысында келушілер ақынның отбасы, тұрмысы, қоғамдық қызметі мен әдеби мұрасына қатысты құнды экспонаттармен танысып, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани келбетін жан-жақты қабылдады.

Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай жобалар тарихты тек оқып қана қоймай, оны көзбен көріп, жүрекпен қабылдауға мүмкіндік береді.

«Бұл көрме – Сәкен Сейфуллин тұлғасының сан қырлы болмысын тереңірек танытуды мақсат етеді. Экспозицияда ұсынылған бірегей экспонаттар арқылы біз тек бір тұлғаның өмір жолын ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихи-рухани келбетін, халқымыздың тағдырлы кезеңдерін танимыз. Үш бөлімнен тұратын көрме мазмұны Сәкеннің балалық шағынан бастап, қоғамдық қызметі мен бай әдеби мұрасына дейінгі жолын жан-жақты қамтып, келушілерге тың көзқарас пен жаңа пайым ұсынады. Бұл бастама ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген құрметті арттырып, өскелең ұрпақтың санасында рухани сабақтастықты нығайтуға қызмет етеді деп сенеміз», - деді көрме кураторы Нұрсерік Жолбарыс.

Көрменің ашылуында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Дирекция директорының орынбасары Марат Абсеметов мұндай көрмелердің маңызына тоқталып өтті.

«Бүгін еліміз және атбасарлықтар үшін ерекше күн. Ұлтымыздың жарқын болшағына жанын қиып, 28 жасында Қазақ халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып, мемлекетіміздің іргетасын қалаудың көшін бастаған реформатор, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, публицист Сәкен Сейфуллиннің көрмесі өтті. Небәрі 44 жыл өмір сүрген қайраткердің күреспен өткен ғұмыры, қыршыннан қиылған өмірі, асыл ердің ғұмыр дастаны таусылмас қазына. Астанадағы Сәкен Сейфулин музейінің көрмесі Атбасар қаласында алғаш рет ұйымдастырылды. Жеті мыңнан астам музей қорының арасынан таңдап алынған ең құнды жәдігерлер, фотосуреттер мен тарихи құжаттар осы көрмеде сіздердің назарларыңызға ұсынылды. Сұнқар Сәкен әлеміне есік аштыңыздар. Көрменің бұдан кейін де басқа қалаларда сәтті өтуіне тілектеспін», – деді профессор М. Абсеметов.

Айта кетейік, көрмені Атбасар қаласындағы Ілияс Есенберлиннің әдеби музейінен 30 сәуірге дейін тамашалауға болады. Әрі қарай көрме Талдықорған және Орал қалаларында ұйымдастырылады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу