Қазақтың әйгілі композиторы әрі дирижері Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева қуанышты жаңалығын көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Дінзухра алғаш рет ана атанғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"16.07.26", – деп Дінзухра Тілендиева сәбидің дүниеге келген уақытын жазып қойды.
Сүйінші жаңалықты естіген желі қолданушылары Тілендиевтер әулетін қуанышымен құттықтап, сәбиге ақ тілектерін арнады.
"Бауы берік болсын", "Қандай керемет жаңалық", "Ана атануыңмен", "Сәбидің ғұмыры ұзақ болсын" деп жазды оқырмандар.
Дінзухра Тілендиева кім?
Дінзухра (Динара) Нұрғисақызы Тілендиева – белгілі қазақстандық дирижер, қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің қызы. Ол 1985 жылы 3 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Анасы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса Дариға Тілендиева.
Дінзухра жастайынан музыкаға жақын болып өсті. Ол әкесі Нұрғиса Тілендиевтің 500-ден астам шығармасын жатқа біледі және қазақтың бірнеше ұлттық аспабында ойнайды. Мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде "Отырар сазы" оркестрімен бірге өнер көрсеткен.
2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлік факультетін тәмамдап, халық аспаптары оркестрінің дирижері әрі оқытушы мамандығын алды. Ол Қазақстанның халық әртісі, профессор Төлепберген Әбдірашевтің сыныбында білім алған.
2009 жылдан бастап Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келеді. Осы арқылы ол әкесінің шығармашылық мұрасын насихаттап, ұлттық музыка өнерін дамытуға үлес қосып жүр.
Дінзухра Тілендиеваның еңбегі мемлекеттік деңгейде де бағаланған. 2011 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді. 2018 жылы "Құрмет" орденімен, ал 2024 жылы "Парасат" орденімен марапатталған.