Экологиялық жауапкершілік нақты құқықтық міндеттемелермен бірге негізгі конституциялық қағидатқа айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында әділетті әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға баса назар аударылған. Цифрлық экономиканың дамуы мен жұмыспен қамтудың жаңа формаларын ескере отырып, еңбек заңнамасын, оның ішінде қашықтан және платформалық жұмыспен қамтуды бейімдеу керек. Осыған байланысты Еңбек министрлігі 1 сәуірге дейін мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын жетілдіру және халықтың еңбек әлеуетін дамыту мәселелері бойынша Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне түзетулер жобаларын Парламентке енгізсін, — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа ұқыпты қарау нормалары Ата заң деңгейінде бекітілді. Оларды іске асыру Президентіміздің экологиялық ахуалды жақсартып, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздейтін «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға бағытталған. Бұл орайда экологиялық жауапкершілік нақты құқықтық міндеттемелермен бірге негізгі конституциялық қағидатқа айналады. Осыған орай Экология министрлігі 1 сәуірге дейін Экологиялық кодекске тиісті түзетулерді Парламентке енгізвуі тиіс.
Мемлекет басшысы дербес деректерді қорғау мәселесінің өзектілігін әрдайым атап өтеді, сондықтан тиісті нормалар Ата заңда бекітілді. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектіні белсенді енгізу кезінде айрықша маңызды. Жасанды интеллект министрлігі дербес деректерді қорғау саласындағы бақылау тетіктерін күшейтіп, тиісті заңнамалық түзетулерді жеделдетуі қажет, — деді Олжас Бектенов.