«Абай» баспасынан шыққан 35 кітаптың тұсауы кесілді
28 қараша күні Ұлттық кітапханада «Абай» баспасы шығарған 35 кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың әр данасы – 1000 тиражбен шыққан. Аталған баспаның құрылтайшысы әрі директоры Ақберен Елгезек 35 мың дана кітапты басып шығаруға ешқандай мемлекет қаржысы жұмсалған жоқ дейді.
Ақберен Елгезектің айтуынша, 35 мыңа дана кітапты шығаруға алты ай уақыт жұмсаған. «Абай» баспасы 35 кітапты басып шықты. Әр кітап мың данамен жарық көрді. Болашақта мұны 100-ге жеткізу жоспарымызда бар. Бұл – баспаның өз қаражатымен шығарылды. Мемлекеттен ешқандай қаржы жұмсалған жоқ. Басылып шыққан кітаптардың ішінде қазақ әдебиетінің классиктері – Абай, Шәкәрім, Әуезов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Дулат Бабатайұлы, Алашорда қайраткерлері, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев тағы басқа ақын-жазушылардың кітаптары бар», -деді кітаптың тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген Ақберен Елгезек.
Ол қазіргі орта буын ақын-жазушылар да назардан тыс қалмағанын айтты. Сөзінше, олардың қатырында Ерлан Жүніс, Танакөз Толқынқызы, Ұларбек Нұрғалым секілді қаламгерлердің кітаптары қайта басылған.
-Қазір шыққан кітаптарды Ұлттық кітапханаға сыйға тартқалы отырмыз. Келесі жылдан бастап кітаптарды нарыққа шығарамыз. Сатылымнан түскен қаржыны авторларға, авторлардың мұрагерлеріне қаламақы төлесек дейміз. Өзімізде қаламгер болғаннан кейін жазушылардың жағдайын жақсы түсінеміз. Жарыққа шыққан 35 мың дана кітапты барлық платформаларға шығарамыз, -деді жиында «Абай» баспасының құрылтайшысы әрі директоры Ақберен Елгезек.
Ақберен Елгезек сөйлеп болған соң кезек кітаптың тұсаукесер рәсіміне де жетті. Кітаптарға байланған қызыл лентаны Ұларбек Нұрғалым, Смағұл Елубай, Темірхан Медетбек кесті.
-Бүгін аспаннан кітап жауған күн деуге болады. «Абай» баспасы біраз қаламгерлердің кітабын қайта басып шыққан екен. Соның ішінде менің «Балалық шақ баяны» атты кітабым да бар. Бердібек Соқпақбаев пен Сайын Мұратбековтен кейін балаларға арналған прозаның жағдайы мәз болмай кетті деген әңгіме шыққанан кейін, бір ұран тастағанбыз: Ендеше әр прозашы өзінің балалық шағы туралы кітап жазса деген. Содан өзімізден бастайық деп, балаларға арналған «Балалық шақ баяны» атты кітап жазып шыққан едік. Сол кітап бүгін өмірге келді. Қатты қуаныштымын,-деді жазушы Смағұл Елубай журналистерге берген сұхбатында.