«Kazakh Tourism» Димаш Құдайбергенге 56 млн теңге төлегені рас па?
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі өткен жылдың тамыз айында «Kazakh Tourism» акционерлік қоғамына Қазақстанды ТМД, Еуропа және Азия туристік нарықтарында танымал ету жобасы үшін 63,1 миллион теңге бөлген. Бұл туралы политпросовет телеграм арнасында Нұржан Баймулдин жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Арна жазуынша, жобаға танымал әнші Димаш Құдайберген қатысқан. Өз кезегінде «Kazakh Tourism» АҚ, «Димашали» шығармашылық орталығының құрылтайшылары Димаштың ата-анасы Светлана және Қанат Айтбаевтармен 56 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Осылайша, жартылай мемлекеттік кәсіпорын бір ғана операциямен 9 миллион теңгеден астам пайда тапқан.
Келісім бойынша, Көлсай көлдері, Алтын-Емел, Жоңғар Алатауы, Қатонқарағай, Бурабай сияқты ұлттық табиғи парктерде арнайы түсірілімдер жүргізілуі тиіс болған, бірақ локациялар тапсырыс берушімен келісіліп өзгертілуі мүмкін екені айтылған. Нәтижесінде «Киелі мекенім» әнінің бейнеклипінде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан музей-қорығы, Бозжыра сияқты жерлердің кадрлары көрсетілді. Құзырлы ведомствоның мәліметі бойынша, бейнеклип түсіру жұмыстары Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстарының туризм басқармалары, «Visit Alatau» ақпараттық орталығы мен бірқатар коммерциялық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асқан.
Жоба бойынша YouTube, Facebook, Instagram, Twitter, VK, Weibo және TikTok платформаларында видеосюжеттің қаралымын 15 миллиондық әлеуетті аудиторияға тарату жоспарланған. Техникалық құжаттамаға сәйкес, 2029 жылға қарай шетелдік туристер санын 4 миллион адамға дейін арттыруға ықпал етуі тиіс деп жоспарланған.
«Политпросвет» редакциясы Димаштың әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарын зерттеп, қаралымдардың жетістігіне көңілі толмады. Мысалы, 29 қаңтардағы жағдай бойынша «Киелі мекенім» бейнеклипін YouTube-та 578 мың адам, Қытайдың Weibo желісінде 72 мың адам көрген, Instagram-дағы рилс 569 мың рет қаралған, Facebook-та – 4,8 мың ада көрсе, TikTok-та – 106,7 мың рет көрілген. ВКонтакте желісінен жарияланым табылған жоқ.
Жұлдыздар қанша алады?
Жоғарыда айтылғандай, Димаштың 4 минуттық клипі 56 миллион теңге тұрады, бұл Ұлттық банк курсы бойынша шамамен 109,8 мың АҚШ долларына тең. Ал Туризм министрлігі 63,1 миллион теңге бөлген.
Ал салық төлеушілер үшін Құдайбергеннің әріптестері қанша қаламақы шығады? Бұл сұраққа жауап табу оңай болмады. Себебі, әншілер өз гонорарын жария етпейді. Бірақ кейде мұндай ақпаратты мемлекеттік органдар өзі ашып береді. Мысалы, 2024 жылы Павлодар облысының әкімшілігі Наурыз мерекесіне орай өткен концертте эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Роза Рымбаеваның өнер көрсетуіне барлығы 10 миллион теңге төленгенін хабарлады.
Бұған дейін, 2023 жылы Мәдениет және спорт министрлігі «Ашық НПА» порталында мемлекеттік қаржыландыру ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасын жариялаған. Құжатта әншілердің өнер көрсетуіне арналған нормативті 10%-дан 25%-ға дейін арттыру ұсынылған. Бірақ бұл құжат кейін алынып тасталды.
Дегенмен, интернетте осы құжатқа сілтеме жасап жазылған баспасөз материалдары сақталып қалды. Құжатта нарықтық талдау негізінде белгілі қазақстандық әншілердің гонорарлары келтірілген: Димаш Құдайберген – 10 миллион теңгеден жоғары; Мария Мудряк пен Мирас Жүгунусов – 5,5 миллион теңге; Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Айман Мусаходжаева – 5 миллион теңге; Майра Мұхаммедқызы – 3 миллион теңге.
Фото: Kazakh Tourism