Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдердің біріне арналған Before the Applause («Қошеметке дейін») деректі фильмін ұсынбақ. Туынды Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында өткен жеке концертке дайындық барысын баяндайды.
Фильмнің трейлері жарияланып, онда 2025 жылғы 5 қазанда өткен Stranger шоуына дайындық сәттері көрсетілген. Сол күні Димаш Madison Square Garden сахнасында жеке концерт берген алғашқы қазақстандық өнерпаз атанды.
Деректі фильмде әншінің, оның отбасы мүшелері мен шығармашылық командасының естеліктері қамтылған. Жоба көрерменге концерттің ғана емес, осы тарихи жетістікке жету жолындағы көпжылдық еңбек пен дайындықтың қыр-сырын көрсетеді.
Айта кетейік, Madison Square Garden-дегі концерт Stranger әлемдік турының маңызды кезеңіне айналды. Концерт барысында Димаш танымал әндерімен қатар жаңа туындыларын орындап, Қазақстанның мемлекеттік әнұранын шырқады.