Шығыс Қазақстан облысының 51 жастағы тұрғыны Аяш Қабдоллаева Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Qumash мәліметінше, қазақстандық спортшы 60 метр қашықтықтан садақ ату сайысында үздік нәтиже көрсетіп, ел қоржынына тағы бір алтын жүлде салды. Жеңімпаздың есімі аталған сәтте Аяш Қабдоллаева эмоциясын жасыра алмай, қуаныштан көзіне жас алды.
Бұл жарыстың Аяш Қабдоллаева үшін тағы бір ерекше тұсы болды. Шешуші кезеңде ол өзінің келіні Ажар Төлеухановамен сынға түсті. Бір қызығы, Аяшты дәстүрлі садақ атуға баулыған да осы келіні екен.
Ене мен келін бұған дейін талай жарыста бірге Шығыс Қазақстан облысы мен Қазақстанның намысын қорғап келген. Алайда бұл жолы бір алаңда бір-біріне қарсылас атанып, жеңіс үшін таласты.
Аяш Қабдоллаева бұған дейін де халықаралық жарыстарда топ жарған. Биыл Корея Республикасында өткен Әлем кубогында 32 елдің спортшылары арасында бірінші орын иеленген еді.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп жатыр.