Иранда академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша білім алып жатқан қазақстандық студенттер жоқ. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлім етті.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Иранда білім алып жатқан студеттер жөнінде сұрады.
— Қазір Иранда академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша білім алып жатқан қазақстандық студенттер жоқ. Ал өздері Иранға барып, оқып жатқан студенттердің санына қатысты есеп жүргізілмейді, — деді Т. Ешенқұлов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Иран астанасында және басқа да ірі қалаларында елдің қиын экономикалық жағдайына байланысты 28 желтоқсаннан бері жаппай наразылық шаралары өтіп жатыр.
Еске салсақ, таяуда Иран билігі сыртқы күштерді елдің ішкі істеріне араласу үшін ішкі оқиғаларды пайдалануға тырысты деп айыптады.
Сонымен қатар, Еуропарламент төрайымы Роберта Метсола дүйсенбі күні Иран Ислам Республикасының барлық дипломатиялық қызметкері мен өкілдерінің Еуропарламенттің кез келген ғимараты мен аумағына кіруіне тыйым салу жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті Ирандағы америкалық азаматтарға шұғыл ескерту жасап, оларды Армения және Түркия шекарасы арқылы елден шығу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.