Камбоджа мен Таиланд билігі елдер арасындағы шекараға байланысты қарулы қақтығысты реттеу үшін келіссөздерге кірісті, деп хабарлайды Malim.kz The Guardian басылымына сілтеме жасап.
«Бангкок бұл кездесу оң нәтижелер береді деп үлкен үміт артып отыр», – деді Таиланд Қорғаныс министрлігінің өкілі, контр-адмирал Сурасант Конгсири.
Оның айтуынша, кеңес нәтижесі Камбоджаның ұстанымына байланысты болады.
Камбоджа тарапы да келіссөздердің басталғанын растады. Пномпень зорлық-зомбылықтың тоқтауына, тұрақтылықтың қалпына келуіне және «қалыпты жағдайға мүмкіндігінше тез оралуға жәрдемдесуге» үміт білдіріп отыр.
Келіссөз сенбіге дейін Таиландтың Чантхабури провинциясындағы шекара бекетінде жалғасады деп күтілуде.
Бұған дейін Бангкок Камбоджадан атысты бірінші болып тоқтатуды талап еткен. Таиланд тарапының нұсқасына сәйкес, бітімді камбоджиялық әскерилер бұзған.
Өткен дүйсенбіде тараптар келіссөздерді қайта бастауға келіскен. Алайда сәрсенбі күні шекарада жаңа қақтығыстар туралы хабарлар түсті.
Таиланд пен Камбоджа арасында отарлық кезеңде шекараның қалай сызылғанына байланысты аумақтық дау бар.
Бұл келіспеушіліктер 2025 жылдың шілдесінде 5 күнге созылған ұрыстарға ұласқан. АҚШ, Қытай және Малайзияның арағайындығымен тараптар атысты тоқтатқан болатын.
Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы қақтығыстар 7 желтоқсанда қайта жанданды. Камбоджа Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, атысты бірінші болып Таиланд ашқан. Ал Бангкок мұны жоққа шығарады.
Қақтығыстар салдарынан 1 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, кемінде 40 адамның қаза тапқаны хабарланды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Таиланд пен Камбоджа арасындағы жаңа қарулы қақтығысты реттеу үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.