Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Мас күйінде рөлге отырған судьяға сот үкімі шықты

Қоғам
Мас күйінде рөлге отырған судьяға сот үкімі шықты
Фото: gov.kz

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған судья Әсел Досаеваға қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Сот отырысының қорытындысында Әсел Досаева әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Құқық бұзушылық 2025 жылы тіркелгендіктен, айыппұл сомасы 786 400 теңгені құрады.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 1 қарашада болған. Рейдтік іс-шара барысында полиция қызметкерлері Mazda маркалы автокөлікті тоқтатқан.

Тексеру кезінде рөлде отырған азаматшаның көлік жүргізу құқығы болмағаны анықталды — жүргізуші куәлігінің мерзімі 3 шілдеде аяқталған. Сонымен қатар медициналық сараптама оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғанын растады.

Сот шешімі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 8-бөлігі негізінде қабылданды. Аталған бап жүргізуші куәлігі жоқ адамның мас күйінде көлік басқаруына қатысты. Әдетте мұндай құқық бұзушылық үшін әкімшілік қамақ жазасы қарастырылады.

Алайда Әсел Досаеваның 2013 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар. Заң талаптарына сәйкес, 14 жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге әкімшілік қамақ қолданылмайды. Осыған байланысты сот айыппұл салумен шектелді.

Айта кетейік, қараша айының басында әлеуметтік желілерде Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаеваның мас күйінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін бұл деректі Ішкі істер министрлігі ресми түрде растады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу