Қазақстан Парламенті Сенатында сенатор Евгений Больгерт «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңды таныстырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, құжатта мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған.
«Лауазымдардың төрт деңгейі белгіленеді, әрқайсысында еңбекақы мөлшері әртүрлі болады. Қызметтік өсу қызмет нәтижелерін бағалау, оқыту және тағылымдамадан өтуге байланысты болады», - деді сенатор.
Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет индекстеледі. Сонымен қатар, басқа елді мекенге ауысқан жағдайда қызметкерлерге көтерме жәрдемақы төленіп, көшу шығындары өтеледі.
«Мемлекеттік қызметшілерге басқа елді мекенге ауысқанда төлемдер қарастырылған. Сондай-ақ, 25 жылдан кем емес еңбек өтілі және мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт айлық мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі», – деп атап өтті депутат.
Құжатта еңбек демалысына қосымша күндер беру де көзделген. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметте 10 жыл жұмыс істегендерге – 3 күн, 15 жыл – 5 күн, ал 20 жыл еңбек өтілі барларға 10 күн қосымша демалыс беріледі.
«Отбасылық жағдайларға байланысты 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс беру қарастырылған», – деді сенатор.
Сонымен қатар, заңда мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген. Заңсыз жұмыстан босатылған немесе лауазымы төмендетілген жағдайда, оларға алты айға дейін жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу қарастырылған.
«Құжатта мемлекеттік қызметшілерді заңсыз жұмыстан босатқан немесе лауазымын төмендеткен жағдайда өтемақы төлеу нормалары нақты көрсетілген», – делінген баяндамада.
Жаңа заң тәртіптік жауапкершілік жүйесін де жетілдіреді. Енді жазалау шаралары икемдірек болады және жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайлар ескеріледі.
«Тәртіптік жауапкершілік жүйесі жетілдіріледі: жазалардың қолданылу мерзімі 2 айдан 6 айға дейін белгіленеді, сондай-ақ алдын алу шаралары енгізіледі», – деді ол.
Кадрларды іріктеу процестері цифрлық форматқа көшіріліп, Е-қызмет жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігін беретін алдын ала даярлау институты енгізіледі.
Жалпы, жаңа заң мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, білікті мамандарды тартуға және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
«Бұл заң мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, білікті мамандар тапшылығын азайтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады сенатор.