Халықтың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова қызы Мерейге қатысты көп жыл бойы іште сақтап келген шындықты қалай және не себепті айтқанын еске алды. Өнер иесі бұл шешімге оңай келмегенін айтып, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің айтуынша, марқұм жары Заманбек Нұрқаділов бұл ақиқатты қыздары 18 жасқа толғанда өзі айтуды жоспарлаған. Алайда тағдырдың басқа шешімімен Мақпал Жүнісова бұл әңгімені көпке дейін бастай алмаған.
"Ол шындықты не үшін айттым? Қыз өсті. Оның үстіне Зәкең көзінің тірісінде "Мерей 18-ге келгенде өзім айтамын" деген. Сол кісінің аузынан шыққан сөз. Қыз 18-ге толды, мен айта алмадым. 19 жасында да айта алмадым. 20-ға жақындағанда айттым. Сол кезде ол жігіттермен кездесуге барады, танысады. Сосын келіп, руларын айта бастайды. Өзін албанмын дейді. Ол – өтірік қой. Арғынның қызы, қаракесек. Сол кезде шындықты айтуға бекіндім. Өз тегін, руын білсін деп ойладым. Ертең күйеуге шыққанда өтіріктен бастай ма деген ойлар да кетті. Зәкең айтамын деген, енді өзім айтуым керек деп шештім. Содан кейін ана жақтағы балалар оған хабарласып мазалай бастады. Сол себепті маған шындықты айту керек болды", – деді әнші Дина Төлепбергенге берген сұқбатында.