Танымал саясаткер Болат Әбілев марқұм мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасына 20 жыл толуына орай естелік жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Әбілев өз жазбасында бұл істің әлі күнге дейін толық әрі ашық тергелмегенін атап өтіп, Қазақстан тарихындағы бірқатар қайғылы кезеңдерді еске алды.
Оның айтуынша, ел тарихындағы ауыр оқиғалар көбіне күздің соңы мен қыс айларында орын алған. Мәселен, 2005 жылдың қарашасында Заманбек Нұрқаділов өз үйінде қаза тапты, ал бұл істің де нақты мән-жайы әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 2011 жылғы Жаңаөзен қасіреті, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы – мұның бәрі ел жадында қалған трагедиялар. Ал 2006 жылдың ақпанында "Ақжол" партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев көмекшісі Бауыржан Бекбосыновпен және жүргізушісі Василий Журавлёвпен бірге қаза тапты.
"Алтынбектің кеткеніне 20 жыл өтсе де, бұл оқиға кеше ғана болғандай әсер қалдырады. "Не үшін?" деген сұрақ әлі күнге дейін мазалайды", – деді Әбілев.
Саясаткер Сәрсенбаевтың сол кезеңдегі саяси жағдайға қатысты ұстанымын да атап өтті. Оның сөзінше, Алтынбек ел ішіндегі ықтимал қауіптер жөнінде жоғары билікке нақты ақпарат жеткізген. Әбілевтің пікірінше, дәл осы жағдайлар оның тағдырына әсер еткен болуы мүмкін.
"Алтынбек ешқашан радикал болған жоқ. Ол күш қолдануға немесе төңкеріске шақырған емес. Ол мемлекетшіл көзқарастағы саясаткер еді. Сондықтан да оның өліміне қатысты "кімге тиімді болды?" деген сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр.
Алтынбек Рахат Әлиевтің қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевты жоюға дайындалып жатқанын дәлелдейтін айғақтарды жинай алды. Марат Тәжинмен бірге ол президентке барып, Рахаттың осы жоспарлары туралы баяндады. Назарбаев қатты қорқып, дірілдеп, креслодан құлап түсті. Алтынбек пен Тәжин оған қайта отыруға көмектесті, ал президент абдырап, шошып кеткен күйде енді не істеу керегін сұрады. Алтынбек Рахатты және оның жақындарын тұтқындап, биліктен шеттетуді ұсынды", – деп жазды ол.
Әбілев бұл істің тапсырыс берушілері анықталып, әділ бағасы берілуі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, Сәрсенбаевтың қазасы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең күрделі әрі жұмбағы толық шешілмеген саяси оқиғалардың бірі.
"20 жыл өтсе де, бұл қылмыс қоғам жадынан өшкен жоқ. Алтынбек елге қажет саясаткер еді. Оның жоқтығы сезіледі", – деп түйіндеді Болат Әбілев.
