freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Назым Қаһарман Бишімбаевтың көңілдесі болған әйелдер туралы кітап шығармақшы

Қоғам
Назым Қаһарман Бишімбаевтың көңілдесі болған әйелдер туралы кітап шығармақшы
Фото: ашық дереккөз

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман күзде жарық көретін жаңа кітабы туралы мәлімдеме жасады. Автордың айтуынша, шығармада бұрынғы күйеуінің көңілдес болған әйелдері туралы баяндалып, олардың есімдері өзгертілмей беріледі, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Назым Қаһарман өзінің Instagram парақшасында жазып, аталған әйелдерге арнайы үндеу жолдаған.

«Бұл жазба бұрынғы күйеуіммен қарым-қатынаста болған әйелдерге арналған. Барлығыңыз да кітабымның кейіпкерлеріне айналдыңыздар және өз есімдеріңізбен көрсетілдіңіздер. Тұсаукесер күзде өтеді. Мен сіздерге хат жазып, жанжал шығарған емеспін. Бірақ бұл сіздер туралы ештеңе білмеймін дегенді білдірмейді. Мен өз мәселемді бұрынғы күйеуіммен шештім. Дегенмен отбасылы ер адаммен қарым-қатынас құру – әр адамның өз таңдауы. Кейде мұндай шешімнің салдары біреудің кітабында кейіпкер болуға алып келуі мүмкін», – деп жазды ол.

Назым Қаһарманның сөзінше, кітап автофикшн жанрында жазылған. Бұл жанрда өмірде болған оқиғалар көркем әдеби тәсілдермен баяндалады. Қолжазба қазіргі уақытта баспа қарауында жатыр, ал кітаптың таныстырылымы осы жылдың күзінде өтеді деп жоспарланған.

Автор кітапты әзірлеу барысында заңгерлердің кеңесіне жүгінгенін айтты. Сондай-ақ ол өзінде бұрынғы күйеуіне қатысты хат-хабарлар мен басқа да дәлелдердің бар екенін жеткізді.

Қаһарманның айтуынша, шығармада бұрынғы жұбайының жеке өміріне қатысты жайттар да қамтылған. Оның сөзінше, кітапта аталған адамдардың тек есімдері ғана көрсетіліп, өзге жеке деректері жарияланбайды.

Сонымен қатар автор кітаптағы мәліметтерге байланысты қандай да бір талап-арыздар түссе, өз ұстанымын дәлелдеуге дайын екенін мәлімдеді.

Еске салайық, 2024 жылдың мамырында сот бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы азаптап өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейін апелляциялық инстанция үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ 2024 жылы Назым Қаһарман Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы талап арыз бергенімен, сот оның талабын қанағаттандырмаған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу