Танымал продюсер Баян Алагөзова мен журналист Шолпан Есмағамбетова арасындағы сұхбаттың үзіндісі жарияланған видео бір тәулікте екі миллионнан астам қаралым жинады, деп Malim.kz тілшісі Ozgeris.info сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода журналист Баян Алагөзованың үйі туралы пікір білдіріп, оның сән-салтанатына қатысты сұрақ қояды.
"Баян, мен сіздің үйді түсірген видеоны қарап шықтым. Не боды соншама, тряпкілерге өліп? Гуччи, чмучи, хахахаха деп? Не болды соншама, қасқа-ау?!" – дейді Шолпан Есмағамбетова.
Осы сәтте продюсер сағыз шайнап отырып, оны күтпеген жерден журналистің бетіне қарай лақтырып жібереді.
Алайда кейін белгілі болғандай, бұл көрініс шынайы жанжал емес, алдағы сұхбаттың жарнамасы ретінде түсірілген пранк екені анықталды.
Желі қолданушылары видеоны қызу талқылап, түрлі пікір білдіруде. Көпшілігі роликтің сәтті шыққанын атап өтіп, алдағы сұхбатты тағатсыздана күтіп отырғандарын жазған.
Баян Алагөзова – қазақстандық шоу-бизнес саласындағы белгілі продюсер, актриса, тележүргізуші әрі әнші. Ол 1974 жылдың 9 қаңтарында Орал қаласында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болып, шығармашылыққа деген қызығушылығы ерте байқалған.
Оның кең танылуына 1993 жылы шыққан «Махаббат бекеті» фильміндегі рөлі үлкен әсер етті. Осы жобадан кейін ол көрерменге жақсы таныла бастады. Кейін медиа саласына бет бұрып, журналистикада еңбек етті және тележүргізуші ретінде түрлі бағдарламаларды жүргізді.
2006 жылдан бастап продюсерлік бағытта белсенді жұмыс істей бастады. Ол КешYOU тобы сияқты танымал жобаларды жүзеге асырып, көптеген жас таланттардың танылуына жол ашты. Сондай-ақ Жанар Дугалова, Ерке Есмахан сынды әншілердің шығармашылық дамуына үлес қосты.
Баян Алагөзова кино мен телесериалдарда да өнер көрсетіп, актриса ретінде бірнеше жобада бой көрсетті. Ол бүгінде шоу-бизнеспен қатар, медиа және мәдениет саласында да белсенді еңбек етіп келеді.
Бұған дейін Баян Алагөзова Qazaq Ordasy арнасына берген сұхбатында кейбір жұлдыздардың өз сенімін көпшілікке жариялағанымен, кейін ислам талаптарына сай өмір сүрмейтінін айтқан еді.