Танымал әнші Роза Рымбаева Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуі туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің айтуынша, бұл оқиғаға биыл тура 25 жыл толып отыр. Ол кезде Роза Рымбаева сахнада жүргеніне 25 жыл толуына орай экс-президенттің қабылдауында болған.
"Бір жылдары мені Нұрсұлтан Назарбаев мені қабылдады. Ол кезде сахнада жүргеніме 25 жыл толған еді. Мен сол кезде шақыртумен бардым. Мен сол кезде: "Аға, мен сізді концертіме шақырамын. Келіп арнайы қонақ болыңыз", – дедім. Жолдасым Тасқынның қазасынан кейін қатты есеңгіреп қалғам. Ол мені қолдау үшін концертіме келді. Сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев: "Роза, не керек? Қандай көмек қажет?" – деп сұрады. Ал мен болсам "үйім кішкентай, аядай үйде тұрамын, жағдайымыз мәз емес" деп айтуға арландым. Оның орнына "аға, менде бірді-екілі мәселем болса, әкімдікке айтармын" деп жауап бердім. Мен ештеңе сұрамадым. Ол маған алғысын айтты, раушан гүлдерін сыйлады", – деді Роза Рымбаева.
Роза Рымбаева туралы қысқаша мәлімет
Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының айрықша болмысын айқындаған, ұлттық музыка өнерінің символына айналған тұлға. Қазақстанның Халық әртісі атанған өнер иесі әрі профессор, актриса және тележүргізуші 1957 жылғы 28 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Жаңғызтөбе станциясында дүниеге келген. Оның сахнадағы шығармашылық жолы 1975 жылдан бастау алып, бүгінге дейін жалғасып келеді.
Әнші кәсіби білімін алдымен Семей музыкалық училищесінде, кейін Алматыдағы театр-көркемөнер институтында жетілдірді. 1970-жылдардың ортасында "Гүлдер" ансамблінің солисі ретінде кеңінен таныла бастады. Ал 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық байқауында Гран-при жеңіп алуы оның өнер жолындағы бетбұрыс сәтке айналды. Кейін "Арай" ансамблінің жетекші солисі ретінде қазақ эстрадасының алтын қорына енген көптеген әндерді орындады.
Роза Рымбаева орындаған "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сынды туындылар бірнеше буын тыңдарманның жүрегінен берік орын алды. Ол халық әндерін де, поп пен джаз бағытындағы шығармаларды да өзіндік жоғары талғаммен, ерекше үнмен жеткізе білді. Сонымен қатар кино саласында да актерлік қабілетін көрсетті.
Өнер иесі халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, 29 жасында Қазақстанның Халық әртісі атағына ие болды. Ол "Парасат", "Құрмет", "Халықтар Достығы" ордендерімен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Ұзақ жылдық еңбегі мен дара дауысының арқасында ел ішінде "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның Алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деген бейресми атақтарға ие болды.