Астана қаласында бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, «Хан Шатыр» маңында үш көлік соқтығысып, екі жол-көлік оқиғасы болған. Ал кінәлі жүргізуші қашып, тығылмақ болған. Полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірген.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, қашып құтылмақ болған жүргізуші – танымал боксшы Данияр Елеусінов. Ол ішімдікке мас күйде рульге отырған болуы мүмкін.
Өз кезегінде қалалық Полиция департаменті агенттік тілшісіне түсініктеме беріп, оқиғаның болғанын растады. Дегенмен жүргізушінің аты-жөнін жариялаған жоқ.
«Астанада екі жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан бірнеше автокөлікке зақым келді. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі басқа көліктермен соқтығысып, оқиға орындарынан бой тасалаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған көлікті анықтап, Достық көшесінің бойында тоқтатқан. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккендер жоқ», – делінген ПД-ның мәліметінде.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты өзгермейді: жауапкершілік адамның танымалдылығына, кәсібіне, лауазымына немесе сіңірген еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға әрекет жасаған әрбір адам заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылатын болады», – делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов – қазір 35 жаста. Ол 2018 жылы кәсіпқой боксқа ресми түрде ауысқан.