Қарағанды облысындағы жол апатынан жеті адам қаза тапты

Қарағанды облысындағы тас жолда орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан Kia Sedona автокөлігінің жеті жолаушысы қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.
5 шілде күні Kia Sedona автокөлігінің жүргізушісі Балқаш қаласы бағытымен жүріп келе жатып, алдын ала мәлімет бойынша, алда келе жатқан көліктерді озбақ болып, жол белгілеріне назар аудармаған. Салдарынан жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге шығып кетіп, одан әрі қисық жол тосқауылына соғылған.
"Қатты соқтығыс салдарынан көлік өртеніп кетті. Алынған мәлімет бойынша, жеті жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді", – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларға қарамастан, көлік жүргізушілері қауіпсіздік ережелерін елемеуде. Атап айтқанда, белгіленген жылдамдықты асырып, жеткілікті демалыссыз көлік басқарады. Мұндай жауапсыздық қайғылы жағдайларға алып келуде", – деді Қарағанды облысы ПД анықтау басқармасының бастығы Азамат Ахметов.
Фото: Қарағанды облысының Полиция департаменті


Ең көп оқылған
