«VIP-каның астаң-кестеңін шығарған» – куәгер Бишімбаевтың әрекеттері туралы
Сотта прокурорлар куәгердің ұялы телефонында тергеуге қатысы бар хаттарды оқыған.
Салтанат Нүкенова қаза тапқан түні мейрамханада жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкер сотта куәгер бол. Сот отырысында жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкер мен мейрамхана әкімшісінің диалогы жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сотта прокурорлар куәгердің ұялы телефонында тергеуге қатысы бар хаттарды оқыған. Диалог мейрамхана әкімшісі Қарлығаш пен жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкер Мейірбеков арасында болған. Диалог 9 қарашада 02.27-де басталған:
Мейірбеков: Директор қайтып келді, випкада отыр.
Қарлығаш бұл хабарламаға жауап бермеген.
Сағат 06.35-те Мейірбеков жөндеу бойынша жүргізілген суреттерді жіберіп, «Сурет ілініп тұрған жерді жөндей алмадық. Қуандық шу шығарып жатыр» деп жазған.
Мейірбеков (06.56): Колоннаны терезеге дейін боядық.
Мейірбеков (сағат 06.57): Випканың астаң-кестеңін шығарған сияқты. Әйелі тірі шығар деп үміттенемін.
Қарлығаш (сағат 07.50): Неге олай дедің?
Мейірбеков (сағат 07.50): Жалаңаш, пиджакпен жүр.
Қарлығаш: Олар әлі сонда ма?
Мейірбеков: Біз кетіп бара жатқан кезде ол әйелін не ұрып жатты, не заттарды қиратып жатты, кетіп қалдық.
Қарлығаш: Дұрыс істепсіңдер, ол ішіп алған ба?
Мейірбеков: Әйелімен сылқия ішіп алған.
Қарлығаш: Шаршатты ғой әбден.
Мейірбеков: Әйнек терезені сындыра жаздады.
Қарлығаш: Күзет болмады ма?
Мейірбеков: Жоқ, асүйді қиратты.
Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.
Ал бүгін Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенова қайтыс болған түні не үшін көріпкелге хабарласқанын түсіндірді. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған түні жедел жәрдем шақырудың орнына хабарласқан көріпкел Шымкентте тұрады.
Бизнеске қатысты сұрақтарға байланысты хабарласып тұратынмын. Оның медициналық білімі бар-жоғын білмеймін. Оған сенетінмін, - дейді Бишімбаев.
Сонымен қатар, экс-министр қайғылы оқиға болған түні неліктен басқа қалада жүрген көріпкелге хабарласқанын айтты.
Сіз (адвокат - еск.) Салтанат медициналық көмекке зәру болып жатқанда дейсіз. Менің түсінігімде ол (Салтанат - еск.) ұйықтап жатқан болатын. Мен оған (көріпкелге - еск.) сенгенмін деп айттым. Бетінде сол жағында көгеріп тұрған жер үлкейе бастады. Ол қайдан шыққанын сұрайын дедім. Көріпкел "бәрі дұрыс, кешке дейін ұйықтасын, шаршаған ғой" деді, - дейді Бишімбаев.
Фото: Жоғарғы сот