Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда мұрасының жаһандық тарихи маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Президенттің айтуынша, халықаралық жиын Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерттейтін түрлі ғылыми мектептердің өкілдерін бір алаңға жинап отыр.
– «Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент Алтын Орда тақырыбының бір мемлекеттің аясымен шектелмейтінін атап өтті.
– «Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады. Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі геосаяси жағдайда тарихи мұраларды зерттеу мәселесіне де ерекше тоқталды.
– «Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастырады. Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды», – деді ол.
Мемлекет басшысы тарихи оқиғаларды бұрмалау халықтар арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
– «Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн», – деді президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңнің тарихи маңызын атап өтті.
– «Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс», – деді Мемлекет басшысы.