freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қазақ қариясы 67 жылдан кейін туған ағасын TikTok арқылы тауып алып, жылап қауышты (ВИДЕО)

Қоғам
Қазақ қариясы 67 жылдан кейін туған ағасын TikTok арқылы тауып алып, жылап қауышты (ВИДЕО)

Қазақстандық қарияның араға 67 жыл салып Қытайда қалған бауырымен қайта табысуы көпшіліктің жүрегін елжіретті. Тағдырлы оқиға туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады, деп жазады Malim.kz.

Бұл оқиға Семей қаласында тұратын Өрікбаевтар әулетінің басынан өткен. Қарияның қызы Айкерім Қазыбекқызының айтуынша, отбасының бір бөлігі шекара бөлінген тарихи кезеңде Қытай аумағында қалып қойған.

Қазыбек Өрікбайұлы – әулеттің кенжесі. Ол дүниеге келген кезде анасы қайтыс болып, бес күннен кейін отбасы Қазақстанға көшуге мәжбүр болған. Ал сол уақытта 17 жастағы ағасы Рамазан Шәріп Өрікбайұлы оқуына байланысты Қытайда қалып қояды. Содан бері бауырлар бір-бірін көрмеген.

Айкерімнің айтуынша, әкесі ағасын көзбен көрмесе де, оның бар екенін біліп, өмір бойы іздеумен өткен.

"Әкем ағасын танымай өсті. Тек Қытайда қалғанын ғана білетін. Сол бір дерекпен өмір бойы үмітін үзбей іздеді", – дейді ол.

Алғашқы жылдары Рамазан Шәріп әкесімен хабарласып тұрған. Алайда әкесі өмірден өткен соң байланыс үзіліп, кейін Қытайда қалған жалғыз туыстары да бірінен соң бірі қайтыс болып, бауырлар бір-бірінен мүлде хабарсыз қалған.

Қазыбек Өрікбайұлы ондаған жыл бойы ағасын табуға талпынып, түрлі телебағдарламаларға да жүгінген.

"Жди меня", "Бармысың, бауырым" секілді бағдарламаларға бірнеше мәрте хат жолдады. Бірақ нәтиже болмады", – дейді Айкерім.

Араға 67 жыл салып, тағдыр күтпеген жерден жолықтырған. Былтыр қазан айында Рамазан Шәріптің ұлы түсірген бейнежазба Қытайдың TikTok желісінде жарияланып, кейін Қазақстанға тарайды. Видеода қария өзін таныстырып, туған-туыстарын іздеп жүргенін айтады.

"Видеоны көрген сәтте бірден таныдым. Себебі "Өрікбай" деген текті анық айтты", – дейді Айкерім.

Бейнежазба әкесіне көрсетілгенде, Қазыбек Өрікбайұлы толқып, көз жасын тыя алмаған. Алғашында байланыс орнату қиын болып, тек WeChat арқылы ғана сөйлесуге мүмкіндік туған.

Қария бірден Қытайға баруға асыққанымен, виза мәселесіне байланысты сапар кейінге шегеріліп, тек екі айдан соң жолығады. Осылайша 23 қаңтар күні екі бауыр 67 жылдан кейін алғаш рет қауышқан.

"Қытайда бір аптадай болдық. Әкем мен көкем бір сәтке де бір-бірінен ажырамады. Түнге дейін әңгімелесіп, өткен өмірді еске алды", – дейді Айкерім.

Қазір Рамазан Шәріп Қытайдың Бэйтунь қаласында тұрады. Оның жұбайы мен төрт баласы бар (бір баласы өмірден өткен). Алдағы жазда қазақстандық отбасы Қытайға қайта баруды жоспарлап отыр.

Айкерім Қазыбекқызы бұл оқиғаға қоғам тарапынан үлкен қызығушылық танытылып отырғанын айтып, алдағы уақытта әулеттің тағдырлы тарихы жайлы кітап жазуды жоспарлап жүргенін де жеткізді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу