Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының (АЭС) атауы анықталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Атомдық энергия жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, елімізде алғашқы АЭС-ке ең жақсы атау таңдауға арналған жалпыұлттық конкурс аяқталды.
«Қорытынды комиссия отырысының нәтижесінде жеңімпаз атау ретінде “Балқаш” атом электр станциясы» деп танылды. Бұл нұсқа азаматтардан ең көп ұсыныс жинаған және атом электр станцияларына географиялық атау беру жөніндегі халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді», – делінген хабарламада.
Конкурсқа 16 жастан жоғары 27 157 қазақстандық қатысты. Әрбір қатысушы бір атау ұсына алды.
Барлық ұсыныстардың ішінен 10 460 бірегей нұсқа іріктелді. Өңдеу барысында кириллица, латын әліпбиі мен синонимдік сөздер ескерілді.
Комиссия отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш атом электр станциясы» деген атауды 882 азамат ұсынған, нәтижесінде ол танымалдығы бойынша бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы атанды.
Сонымен бірге, комиссия бекіткен атаудың орысша және ағылшынша нұсқалары:
- «Атомная электростанция “Балхаш”»;
- Balkhash Nuclear Power Plant.
Министрлік мәліметінше, АЭС атауын ұсынған жеңімпаздар (барлығы – 882 адам) eGov Mobile арқылы автор сертификаттарын алады.
Бұдан бөлек, Агенттік келіп түскен ұсыныстардың бірыңғай базасын қалыптастырды. Ол алдағы атом нысандарына атау таңдауда пайдаланылады.
Базаға Болашақ, Жарық, Қуат, Үлкен, Мойынқұм, Ұлы дала, Тұран, Алаш, Тұмар, Жетісу сынды креативті нұсқалар, сондай-ақ тарихи тұлғалардың есімдеріне қатысты атаулар – Сәтбаев, Абай, Кенесары, Чокин (Шафик Чокинович) және басқалары енгізілді.