Астанада 32 жастағы үш баланың анасы қызғаныштың әсерімен ұйықтап жатқан жігітіне ауыр дене жарақатын салған, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға жайлы уролог Жалғас Игембай әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Оның айтуынша, 34 жастағы ер адам аса ауыр жағдайда, ес-түссіз күйде ауруханаға жедел жеткізілген. Жедел жәрдемді оқиғадан кейін әйелдің өзі шақырғаны белгілі болды.
Тексеру барысында әйел жігітінің опасыздығын білген соң, оған ұйықтататын дәрі беріп, ес-түссіз жатқан сәтінде ауыр әрекетке барғаны анықталған. Ер адам медициналық мекемеге тым кеш жеткізілгендіктен, дәрігерлер зақымданған ағзаны қалпына келтіре алмаған.
"Өмірін сақтап қалдық, бірақ ер адамның болашағына балта шабылды. Бұл сериал емес, өмірде болған шынайы оқиға. Тек біраз уақыт бұрын орын алған", – деп жазды Жалғас Игембай.