Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова "Қыз Жібек" фильмінде киген әйгілі қамзолдың қайтадан өз қолына тигенін мәлімдеді. Актриса тарихи жәдігерді Астанадағы ірі музейлердің біріне тапсыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
"56 жыл өтті. Осы қамзолды Баян Мақсатқызының маған қайтарып бергеніне ризамын. Оны міндетті түрде Астанадағы үлкен музейге тапсырамын", – деді Меруерт Өтекешова.
Бұған дейін продюсер Баян Алагөзова актрисаға пәтер сыйлап, жаңа баспанасының кілтін табыстаған еді. Ол Меруерт Өтекешоваға пәтер алып беруге осыдан екі ай бұрын уәде берген.
Бұл оқиға "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолға байланысты басталған. 17 сәуірде Баян Алагөзова әлеуметтік желіде тарихи киімді киіп түскен суретін жариялап, құнды жәдігердің өзіне сыйға берілгенін айтқан болатын.
Кейін қамзол Меруерт Өтекешоваға қайтарылды. Енді актриса оны көпшілік тамашалай алуы үшін музей қорына өткізбек.
"Қыз Жібек" – қазақ киносының алтын қорындағы мәңгілік мұра
«Қыз Жібек» – қазақ кино өнерінің тарихында ерекше орын алатын көркем туынды. Екі бөлімнен тұратын фильм 1970 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Картинаның режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, ал сценарийін белгілі жазушы әрі драматург Ғабит Мүсірепов жазған.
Эпостық-драмалық жанрда түсірілген фильмнің негізгі желісі қазақ халқының әйгілі «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырына негізделген. Басты кейіпкерлерді Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов сомдады. Туындыға ерекше көркемдік сипат берген музыканы көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиев жазған.
Фильмнің алғашқы бөлімінде Базарбайдың ұлы Төлеген өзіне лайық жар іздеп, көптеген арудың арасынан Сырлыбайдың қызы Жібекті таңдайды. Екі жастың арасындағы шынайы махаббатқа қызғаныш пен бақталастық кедергі келтіреді. Жібекке қол жеткізе алмаған Бекежан қастандық жасап, Төлегенді өлтіреді. Сүйгенінен айырылған Жібек ауыр қайғыға душар болады.
Екінші бөлімде Төлегеннің інісі Сансызбай ағасының кегін қайтару үшін күреске шығады. Ол елін жаудан қорғап, Жағалбайлы жұртының азаттығы жолында ерлік көрсетеді.
Картинада қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық киімі, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымы шебер бейнеленген. Сонымен қатар махаббат пен адалдық, қызғаныш пен қастандық, ерлік пен елдік секілді маңызды тақырыптар кеңінен қозғалады.
«Қыз Жібек» – бірнеше буын көрерменінің сүйіспеншілігіне бөленген, көркемдік құндылығын жоғалтпаған шығарма. Ұлттық мәдениет пен тарихты экран тілімен танытқан бұл фильм қазақ киносының алтын қорындағы баға жетпес мұра саналады.