Саясаттанушы Айдос Бәделұлы дәл қазір партиялық тізімге енген кандидаттарға көңіл бөлудің қажеті жоқ деп санайды. Өйткені, кейбірі кісі санын көбейту үшін қосылуы мүмкін. Әрі тізімнен бұрын, саяси партияның жұмысы әлдеқайда маңыздырақ деген пікірде. Яғни, саяси бағдарламасының өзектілігі мен бір-бірінен айырмашылығы, ерекшелігі, деп хабарлайды Malim.kz.
"Тізімге сонша мән бере беру, меніңше, қажет емес сияқты. Әрине, енді бір көлденең көк аттылар кіріп кетіп, саясаттан хабары жоқ, елдің саяси жүйесінен хабары жоқ әншілер деп айтамыз ба, енді әншілердің ішінде де білімділері бар ғой, дегенмен сондай көлденең көк аттылар кіріп кетіп, тізімде жүріп, көпшіліктің назарын аударғысы келіп жатса, әрине ол арзан жарнама болар еді", – деді сарапшы.
Сондай-ақ саясаттанушы айқын ұстанымдарын батыл көрсететін партияларды әзірге байқап отырмағанын жеткізді. Мәселен, жасылдар партиясы «Байтақ» экология саласындағы қордаланған мәселелерді ортаға салып, проблема көтеріп жатқан жоқ. Керісінше, мәселені тәуелсіз экологтар айтып жатыр.
"Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласында да үлкен, өзекті мәселелер бар. Оны сол саладағы партияның көтергенін, айтқанын аңғармадық. Тек қазіргі саясатты жалғастырушы ретінде сол бағытқа бара жатқанын байқадық. Енді оны алдағы сайлаудағы бәсеке жағдайында көрмесек. Бірақ қызықты саяси талас, бәсекені көруіміз екіталай", – дейді Айдос Бәделұлы.
Демек, біздің елдегі саяси ұйымдар арасында бәсекелестік дамып жатқан жоқ. Мысалы, өткен 35 жылда Шығыс Еуропа немесе кезінде социолистік елдер қатарында болған мемлекеттердегі саяси-партиялық жүйе Қазақстанмен бір уақытта қалыптасты. Өйткені олар да бірпартиялық жүйеден шығып отыр. Бірақ саяси жүйелері әлдеқайда ілгерілеп кеткен. Орныққан қос партиялы парламенттері бар.
"Қазір халықтың саяси сауаттылығы өте жақсы. Қазақстанда дәл қазіргі кезде қоғамның саяси мәдениеті, саяси санасы, білімі қалыптасып қойған. Көп дүниеге баға беріп отырады. Пікір білдіріп, белсенділік танытады. Сайлауда да солай. Тіпті сайлауға қатыспаудың өзі саяси белсенділіктің көрінісі ғой. Өйткені барудан саналы түрле бас тартады. Байкот дейді. Наразылық білдіреді. Әрине, сайлауға бармауға насихаттау дұрыс емес", – дейді саясаттанушы.
Бұдан бөлек сарапшы заң жобаларын қабылдауға халықаралық ұйымдардың ықпалы хақында әңгіме қозғады. Мысалы, жануарлар дүниесін қорғау, ЛГБТ насихатына тыйым салу секілді заң жобалары кейбір қоғам белсенділері тарапынан қарсылық тудырған еді. Әрі дәстүрлі таным-түйсіктен ажырамай, ықпалды ұйымдарға қарсы тұра алудың маңызы жайлы да пікір білдірді. Сұхбаттың толық нұсқасы Мәлімнің ютуб арнасында тұр. Мархабат!