Еуропалық одақ Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар келіссөздердің үшінші кезеңін өткізіп үлгерген, ал оның қорытындылары жуық арада жарияланады.
Жетібаевтың сөзінше, қазақстандық делегация визалық мәселелерді талқылау үшін Брюссельге де барған. Ол бұл бағыттағы жұмыстардың «жеткілікті табысты» жүріп жатқанын атап өтіп, жақын уақытта қосымша ақпарат берілетінін жеткізді.
Сондай-ақ ол жаз мезгілінде шетел мемлекеттерінің консулдықтарына виза алу үшін жүгінетін азаматтар саны дәстүрлі түрде артатынын айтты.
Сонымен қатар виза беру туралы шешім әр мемлекеттің егемен құқығы болып қала беретінін еске салды.
СІМ өкілі азаматтарға құжаттарын алдын ала тапсырып, олардың барлық талаптарға сай болуын мұқият қадағалауға кеңес берді.