Қазақстан эстрадасының аңызы, қайталанбас дауыс иесі Роза Рымбаева өнердегі 50 жылдық шығармашылық жолын арнайы концертпен қорытындыламақ, деп хабарлайды Malim.kz.
Есеп беру концерті 7 ақпан күні Алматы қаласындағы Республика сарайында өтеді. Кеш сағат 19:00-де басталады. Көрермендерге әншінің елге кеңінен танымал хиттерімен қатар, жаңа туындылар да ұсынылмақ.
Концерт Қазақстанның үздік музыканттарының қатысуымен және Al jazz Symphony эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, барлық әндер жанды дауыста орындалады. Сонымен қатар сахнада арнайы шақырылған қонақтар мен күтпеген музыкалық тосынсыйлар да болады.
Айта кетейік, Роза Рымбаева бұл кештің үлкен сахнадағы соңғы концерті болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Бұл жаңалық өнерсүйер қауым үшін ерекше толқыныс пен қызығушылық тудырып отыр.