Стамбұл қаласында қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовты еске алуға арналған рухани кеш өтті, деп хабарлайды Malim.kz. Егер тірі болғанда, биыл ұлт руханиятының ірі өкілі 60 жасқа толар еді. Шара барысында ақынның шығармалары топтастырылған «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітаптың тұсаукесері де өтті. Кешті Қазақстанның Стамбұлдағы Бас консулдығы ұйымдастырды.
45 жыл ғұмыр кешкен Табылды Досымов қазақ халқына ұмытылмас мұра қалдырды. Оның шығармалары қоғамдағы қайшылықтарды ашық көрсете отырып, халықтың жүрегінен берік орын алды. Сондықтан да көрермені оны ешқашан ұмытқан емес.
Табылдының ұлы Абыл Аяш әкесіне арналған кештен алған әсерімен бөлісіп:
«Бүгінгі кештен алған әсеріміз ерекше. Әкеміздің әндері Стамбұл төрінде шырқалып жатқанына ұрпағы ретінде ерекше толғаныста болдым. Өте жақсы деңгейде өтті», – деді.
Ал Табылды Досымов атындағы қордың директоры Бижан Қалмағанбетов:
«Мен әсіресе қуанғаным — жергілікті қандастарымыздың және Стамбұл қаласында оқып жатқан студенттердің келуі. Табылды Досымов тек патриоттық емес, лирикалық және жастарға арналған көптеген әндерімен де танымал. Концертте жастар Табылдың әніне қосылып шырқағаны — біздің мақсатымыздың орындалғаны деп есептеймін. Бұл кештің Түрік мемлекетінің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келуі де жай сәйкестік емес. Өйткені еркіндікті ұлықтаған Табылды Досымовтың өмірі де, шығармашылығы да тәуелсіздікпен астасып жатыр. Оның әрбір әні еркін елдің үніндей, намысты ұлттың жүрек соғысындай», – деді.
Кеш барысында ақынның сұхбаттарынан үзінділер көрсетіліп, оның ең үздік әндері орындалды. Түркиялық көрермен Табылдының шығармаларын зор ықыласпен тыңдап, қосыла шырқады.
Германиядан келген қандасымыз Динай Шаткам:
«Маған концерт қатты ұнады. Сондай бір жүрекке жылы әсер қалдырды. Өлеңдері өте күшті, шынымен қатты ұнады», – деп пікірін білдірді.
Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған рухани кештер тек Түркияда емес, сондай-ақ Қытайда, Моңғолияда және Ресейде де өтті. Бұл бард ақынның шығармаларының жыл өткен сайын халық жадында жаңғырып, биіктей түскенін көрсетеді.