Алматыда ақын, айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, "Қазақстанның халық жазушысы" атағының иегері Жүрсін Ерман 75 жас мерейтойын атап өтті. Мерейтой аясында айтыскер ақындар оған су жаңа Toyota Camry 80 автокөлігін сыйға тартты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл ақпаратты әлеуметтік желіде айтыскер ақын Аспанбек Шұғатай бөлісті. Оның жазбасына сүйенсек, көлікті табыстауға Мәжіліс депутаты, ақын Ринат Зайытов та қатысқан.
Мерейтойлық шара Алматыдағы Республика сарайында "Ұлытаудан Алатауға" атты концертпен басталды. Салтанатты кеште Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылып, "Қазақстанның халық жазушысы" атағы табысталды. Марапатты Алматы әкімі Дархан Сатыбалды тапсырды.
Концерттен кейін ақынның отбасы мен шәкірттері арнайы дастарқан жайып, мерекелік кешті жалғастырды.

Жүрсін Ерман кім?
Жүрсін Молдашұлы Ерман 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Ақын, журналист әрі қазіргі айтыс өнерінің қайта жаңғыруына зор үлес қосқан тұлға.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және Алматы жоғары партия мектебін тәмамдаған. Еңбек жолын жасөспірім шағында аудандық газетте бастаған. Әр жылдары теледидар мен баспасөз саласында басшылық қызметтер атқарды.
Жезқазған теледидарында жұмыс істеген кезеңінде айтыстың теленұсқасын жасап, ұлттық өнердің қайта жандануына жол ашты. 1984 жылдан бері республикалық телеарналарда айтысты ұйымдастырып, насихаттаумен айналысып келеді.
"Жанартау", "Арайлы күн, армысың!", "Ұлытауға бардың ба?..", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр" және басқа да жыр жинақтарының авторы. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, "Құрмет" орденімен марапатталған.