freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Сырдан шыққан қаламгер, қылқалам шебері Ағымсалы Дүзелхановтың 75 жылдығына орай көрме өтті

Қоғам
Сырдан шыққан қаламгер, қылқалам шебері Ағымсалы Дүзелхановтың 75 жылдығына орай көрме өтті
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ағымсалы Дүзелхановтың 75 жылдығына арналған тағылымды көрме өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

1951 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген Ағымсалы Дүзелханов ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, қазақ руханиятында өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей суретші болды. Кескіндеме, графика және кітап иллюстрациясы салаларында жемісті еңбек етіп, тарихи-фольклорлық тақырыптағы шығармалары арқылы ұлттық өнердің өрісін кеңейтті. Сондай-ақ талай жыл ұстаздық етіп, жас буынға өнердің қыр-сырын үйретіп, кәсіби жол сілтеді.

Суретшінің 75 жылдығына арналған көрмеге аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, сөз сөйледі. Көрме барысында Қызылорда облысының әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлының Ағымсалы Дүзелхановтың отбасы мен өнерсүйер қауымға арналған арнайы Құттықтау хатын жеткізді.

Сондай-ақ аудан әкімі Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне естелік сыйлық табыстады.

Тағылымды шараға Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, Әшірбек Көпішев, зиялы қауым өкілдері, өнер саласының мамандары мен студент жастар қатысты.

Көрмеде жерлесіміздің шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылып, суретшінің ұлттық өнердегі айрықша орнына мән берілді.

Шара барысында қазалылықтар атынан белгілі журналист-жазушы, Ақпараттану академиясының академигі Ермек Зәңгіров бастаған жерлестер Ағымсалы Дүзелхановтың жары, қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария Қастееваға заманауи үлгідегі шапан жауып, қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті. Ал Қазалы ауданының Құрметті азаматы, жазушы Молдахмет Қаназов суретшінің жұбайына камзол кигізіп, ақ жаулық тарту етті.

Кеш соңында өнер шеберлерінің концерті ұйымдастырылып, көрермендер суретшінің шығармаларынан сыр шертетін көрмені тамашалады.

Ағымсалы Дүзелхановтың ғибратты ғұмыры мен мол шығармашылық мұрасы – қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын құнды қазына. Жерлесіміздің есімін ұлықтап, өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау – елдік парыз.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу