Айтыс өнерінің жанашыры, ақын Жүрсін Ерман денсаулығына байланысты бастан кешкен ауыр кезеңін алғаш рет ашық айтып, сол сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдау көрсеткенін жеткізді. Бұл туралы ол "1001 түн" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақынның айтуынша, қант диабеті денсаулығына қатты әсер етіп, жағдайы күрт нашарлаған. Алматыдағы беделді медициналық орталықта ем қабылдағанымен, дәрігерлер оның аяғын кесу қажеттігін айтқан.
"Мені құртқан – қант. Оның қайдан келгенін кім біледі?! Қатты ауырдым. Алматыдағы беделді ауруханада емделдім. Мені қарап жүрген дәрігер аяқты кесу керектігін айтты. "Бұлай жасамасақ болмайды, өліп қаласың" деді. Адамның аяғын кесу оңай ма?! Қоймай шетелге барып келемін деп шештім. Швейцарияға кетіп қалдым. Ол жақта құдам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры. Олар мені қарап, аяқты кесудің қажеті жоқ екенін айтты.
Швейцарияға бару оңай болған жоқ. Президентім Қасым-Жомарт Тоқаев барып емделіп кел деп, көп ақша берді. Оны былай өзі айтпайды. Бірақ мен ішімнен біліп тұрмын, риза болып тұрмын. Солай аяғымды кестірмей, қайтып келдім. Бір күні аураханадан екі-үш күні қалды деп шығаратын болды. Қыздарым қарап, шөптермен емдеп, аман алып қалды. Халықтың да қолдауы дем береді", - деп жан сырын ақтарды ақын.
Айта кетейік, Жүрсін Молдашұлы Ерманов – 1951 жылы Қарағанды облысының Ұлытау өңірінде дүниеге келген ақын, журналист және айтыс өнерін жаңғыртушылардың бірі. Ол қазақ айтысын теледидар мен радиода кеңінен насихаттап, көптеген республикалық айтыстардың ұйымдастырушысы болды. "Жанартау", "Арайлы күн, армысың!", "Ұлытауға бардың ба?..", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр" сынды кітаптардың авторы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері.