Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің өкілеттіктерін айқындайтын Жарлыққа қол қойды. Құжат Ақорданың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жарлыққа сәйкес, вице-президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етіп, оларды Президентке ұсынады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасымен халықаралық іс-шараларға қатысады.
Вице-президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады және Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді.
Оған мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелері, мемлекеттік рәміздер мен геральдика, шетелде кадрлар даярлау, әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлық, Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссиялардың, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін вице-президент өкім шығаруға, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге, мемлекеттік органдардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға құқылы.
Сонымен қатар ол Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысып, қажет болған жағдайда ведомствоаралық жұмыс топтарын құра алады.
Вице-президенттің қызметін ұйымдық-құқықтық және ақпараттық-талдамалық тұрғыдан Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.