АҚШ президенті Дональд Трамп Испанияны «қорқынышты» ел деп атап, Мадридтің Иранға соққы жасау үшін әскери базаларын пайдалануға рұқсат беруден бас тартуына және қорғаныс шығындарының төмендігіне байланысты АҚШ бұл елмен сауданы тоқтататынын айтты. Бұл туралы ол Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Испанияның базаларын ұсынудан бас тартуы туралы сұраққа жауап берген Трамп: «Қаласақ, пайдалана алар едік», — деді.
«Испания іс жүзінде базаларын пайдалана алмаймыз деп мәлімдеді. Қаласақ, біз жай ғана ұшып барып, оларды пайдалана алар едік. Ешкім бізге тыйым сала алмайды. Бірақ бізге ол қажет емес. Олар достыққа жат әрекет жасады. Сондықтан мен Испанияның бізге керемет адамдарынан басқа ұсынары жоқ дедім. Халқы тамаша. Бірақ мықты басшылық жоқ. Өздеріңіз білесіздер, олар НАТО-да қорғаныс шығындарын 5 пайызға дейін арттыруға келіспеген жалғыз ел болды. Сондықтан біз Испаниямен барлық сауданы тоқтатамыз. Біз Испаниямен ешқандай байланыс жасағымыз келмейді», — деді АҚШ президенті.
Таяу Шығыстағы қақтығыстың себептері туралы айта келе, Трамп «Иран бізге шабуыл жасағысы келді, мен бұған жол бергім келмеді» деді.
«Біз осы ессіздермен келіссөз жүргіздік. Мен олардың бірінші болып шабуыл жасайтынына сенімді болдым», — деді ол.
Трамп егер ол Барак Обама жасасқан ядролық келісімді бұзбағанда, «Иран қазірдің өзінде Израильді және басқа елдерді ядролық қарумен жойып жіберер еді» деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Иран әскери-теңіз күштерінен, әуе күштерінен және әуе кеңістігін бақылаудан айырылған.
Мұнай бағасының өсуі туралы сұраққа жауап берген Трамп бұл жағдайдың қауіпті емес екенін айтты.
«Егер қысқа уақыт ішінде мұнай бағасы сәл жоғары болса да, бәрі аяқталған соң баға қайта төмендейді, тіпті бұрынғыдан да төмен болады деп сенемін», — деді ол.
Трамп сондай-ақ «аятолла Хаменейдің орнын басатын ешкім жоқ» екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, «Иран басшылығына балама үміткерлердің барлығы жойылған».
«Не болатынын көреміз, бірақ алдымен әскери іс-қимылды тоқтатуымыз керек», — деді Трамп.
Ирандағы әскери операция мерзімі туралы айта келе, ол АҚШ-тың қару-жарақ қоры орасан зор екенін атап өтті.
«Бізде жоғары, орта және одан да жоғары деңгейдегі оқ-дәрілердің үлкен қоры бар — бұлардың бәрі өте қуатты қару. Қорымыз шексіз», — деді АҚШ президенті.
Бұған дейін Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Ирандағы ядролық нысанның алғаш рет зақымданғанын мәлімдеген болатын.