Malim.kz
Қоғам

Трамп, тағы да Трамп және ауыз су мен Құрылтай. Бұл апта несімен есте қалды?

Ереке Базарқұл
IMAGE: © malim.kz

12 қаңтар. Апта басында толқулар басылмай, интернет бұғатталған Ираннан алғашқы хабарлар жетті. Өкінішке қарай, 538 адамның қаза болғаны белгілі болды.

Осы күні АҚШ президенті Дональд Трамп өзіне тағы да әлемнің назарын аударта алды. Ол біресе Кубаға доқ көрсетсе, біресе өзін Венесуэланың президентімін деп жариялады.

Бұл күннің басты жаңалықтарының бірі - Ұлттық Құрылтайдың 20 қаңтар күні Қызылордада өтетіні болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесі кезінде белгілі болды.

Әскерилер үшін қуанышты жаңалық та осы күні болды: биыл олардың жалақысы өседі.

13 қаңтар. Сейсенбі Үкіметтің ауыз су туралы оптимистік мәлімдемелері мен есептерінен басталды. Түйіндей келгенде - биыл бүкіл Қазақстан ауыз сумен 100% қамтылмақ.

Трамптың Грендланияға көз алартуы жалғасын тапты. АҚШ сенатына Гренландияны аннексиялау туралы заң жобасы ұсынылып, Трамптың сөздері шындыққа айналайын деді.

14 қаңтар. Алматыдағы Ұлттық ұланның әскери қызметкері атыс қарудан жарақат алғаны белгілі болды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бұл оқиғаға әскеридің өзі кінәлі деген өз пайымын мәлімдеді.

Осы күні Венесуэладан тараған хабар әлемді тағы бір дүрліктірді. Жергілікті құқық ұйымдары түрмелерден 400 адамның босатылғаны туралы хабарлады.

Ирандағы толқулар кезінде қаза тапқандардың саны туралы мағлұмат жаңарды. Сәрсенбі күні тараған жаңалықтарда қаза тапқандардың саны 2 мыңға жуықтағаны айтылды.

Елдің ішіне оралсақ, бұл күн педагогтардың есінде оқу-ағарту министрінің ұсынысымен есте қалды. Ол білім беру мекемесінің басшысы бастапқы кезеңде екі оқу жылына ғана тағайындалуы тиіс деген пікір білдірді.

Үкімет бұл күні де үміт ұялатар мәлімдеме жасады. Энергетика министрлігі Қазақстанды электр энергиясы дефицитінен түбегейлі құтқаратын амал-шарғы жасап жатқандарын мәлімдеді.

15 қаңтар. Бұл күн жиһанкездеріміз бен отанын ауыстыру ниетіндегі азаматтарымызға ауыр тиді. АҚШ виза беруді уақытша тоқтатқан елдер ішінде Қазақстанның да қосақта кеткені белгілі болды.

16 қаңтар. Жұма күні Қазақстанның тұңғыш бас муфтиі, көрнекті дінтанушы ғалым Рәтбек қажы Нысанбайұлының 86 жасқа қараған шағында дүниеден өткені туралы хабар тарады.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары