Атырау облысында әкім ауысатыны туралы ақпараттан кейін Ұлытау облыстық мәслихатының аппараты да өңірдің жаңа әкімін тағайындауға келісім беру мәселесі бойынша депутаттардың жиналысы өтетіні жөнінде хабарлама жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бүгін, 2026 жылғы 16 шілдеде жарияланған хабарламада:
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы №912 Жарлығымен бекітілген “Астана қаласы, облыс аумағында орналасқан мәслихаттар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттары депутаттарының Астана қаласының, облыстың және республикалық маңызы бар қаланың әкімін тағайындауға келісім беру қағидаларына” сәйкес, Ұлытау облысы аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының Ұлытау облысы әкімін тағайындауға келісім беру жөніндегі жиналысы 2026 жылғы 17 шілдеде сағат 11:00-де Жезқазған қаласында өтеді», – делінген.
Сондай-ақ депутаттарды тіркеу сағат 10:00-де басталатыны хабарланды.
Еске салсақ, Ұлытау облысының әкімі қызметін 2024 жылғы 9 қазаннан бері Дастан Рыспеков атқарып келеді.