Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Қазақконцерттегі жалақысы туралы ашық айтты. Белгілі әншінің сөзінше, ол бұл ұйымнан ай сайын 100 мың теңге жалақы алады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі бұл туралы "Замандас" подкастына берген сұхбатында айтты. Рымбаеваның айтуынша, ол 1979 жылдан бері Қазақконцертте қызмет етіп келеді. Ұйымда әншіге тиесілі жеке студиясы да бар.
Әншінің айтуынша, зейнетке шыққанға дейін оның жалақысы 200 мың теңге болған, ал зейнетақы ала бастағаннан кейін бұл сома 100 мың теңгеге дейін қысқарған.
"Қазақконцертте жоспар бойынша жалақыға жұмыс істейміз. Міндетті жоспарды орындау керек. Кеңес үкіметі кезінде 300 рубль жалақы алатын едік. Ол кезде бұл да жақсы ақша болатын", – деді әнші.
Сонымен қатар Роза Рымбаева негізгі жалақысынан бөлек жеке келісіммен өткізілетін концерттер мен шараларға қатысып, қосымша табыс табатынын да айтты.
Айта кетейік, Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының ең танымал әрі ықпалды тұлғаларының бірі. Қазақстанның халық әртісі 1957 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Оның шығармашылық жолы 1975 жылдан бері жалғасып келеді.
Әнші алғаш рет "Гүлдер" ансамблінің солисі ретінде танылып, кейін "Арай" ансамблінде өнер көрсетті. 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық байқауында Гран-при жеңіп алуы оның өнердегі үлкен жетістіктерінің бірі болды.
Роза Рымбаева орындаған "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сияқты әндер қазақ эстрадасының алтын қорына енген.
Өнер иесі ұзақ жылғы еңбегі үшін "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Халық арасында ол "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деген атаулармен танымал.