Қытайдың бір ауданындағы шалғай жайылымға шопан іздеу туралы хабарландыру үлкен қызығушылық тудырды. Tengri Life қытайлық БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, жарияланым Weibo әлеуметтік желісінде вирусша тарап, 59 миллионнан астам қаралым жинап, 21 мың талқылау тармағының пайда болуына себеп болды.
Қытай еңбек нарығын ерекше вакансия дүр сілкіндірді: Ішкі Моңғолиядағы (ҚХР ауданы – еск.) фермер шалғай ранчоға екі шопан іздейтінін жариялады. Демалыссыз жыл бойы, минус 40 градус аязда және 300 шақырым радиуста бірде-бір көрші жоқ ауыр жағдайда жұмыс істегені үшін ол айына 16 мың юань (шамамен 2200 доллар немесе 1,13 миллион теңге) төлеуге дайын болған. Хабарландыру авторы мұндай жоғары жалақы қиындықтардың өтемақысы екенін ашық айтқан, ал желі қолданушылары бұл ақшаны бірден «экзистенциалдық сағыныштың ақысы» деп атап кеткен.
Жарияланым Weibo желісіндегі трендтердің бірінші орнына бірден көтеріліп, 59 миллионнан астам қаралым жинады. Жұмыс беруші мұндай қызығушылыққа таңғалған: шопан болуға ауыл тұрғындарынан гөрі Шанхай мен Чунциннің «ақ жағалылары», зауыт жұмысшылары, тіпті университет түлектері де кезекке тұрған.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай қытай жастарының мансап қуалауынан, аптасына алты күн таңғы 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейінгі жұмыс кестесінен және мегаполистердегі ішкі бәсекеден қатты шаршағанын көрсетеді.
«Қазіргі қала тұрғындары жан тыныштығын тауып, бастапқы капитал жинау үшін ауыр физикалық еңбек пен толық оқшаулануды таңдауға дайын. Өйткені иен далада ақша жұмсайтын жер де жоқ», – делінген жарияланымда.
Мұндай дүрбелең Қытайда алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін Чжэцзян провинциясындағы адам тұрмайтын аралдың қараушысы қызметіне де мыңдаған адам үміткер болған.
Бұған дейін біз Грекияның Эгей теңізіндегі көркем Антикитера аралына қоныс аударғандарға 11,2 миллион теңгеге дейін төлеуге дайын екені туралы жазған едік. Арнайы бағдарламаны жергілікті билік аралдың тіршілігін қайта жандандыру үшін іске қосқан. Қазір мұнда тұрақты түрде шамамен 24 адам тұрады. Жаз мезгілінде маусымдық жұмысшылар мен туристер келген кезде халық саны 60–65 адамға дейін көбейеді. Ал қырық жыл бұрын аралда шамамен 300 адам тұрған, бірақ уақыт өте жастар жұмыс іздеп материкке көшіп кеткен.