Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі және эстрадалық әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында әкесін толғаныспен еске алып, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі әкесі тірі болғанда биыл тоқсан жасқа толар еді деп, бақилық болғанына 20 жыл толғанын айтты.
"Әкем тірі болса, биыл тоқсанның төріне шығар еді. Тағдырдың жазуымен бақилық болғанына 20 жылдың жүзі болыпты... Әке... Осы бір ауыз сөздің өзінде тұтас бір ғұмыр сыйып кетеді. "Әке – асқар тау" дейді халық. Жанында жүргенде биігін сезе қоймайсың. Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын асқақтай түседі екен. Қазір ортамызда болмаса да, әкеміздің қалдырған өшпес ізі, ісімен көрсеткен тәрбиесі біздің жадымызда мәңгі сақталады", – деді Қарақат Әбілдина
Әнші өз мінезіндегі табандылықты, өнерге адалдықты, еңбекке деген жауапкершілікті әке тәрбиесімен байланыстыратынын жеткізді.
"Кейде өз мінезімде, шешім қабылдарда, өнерге деген адалдықта, еңбекке деген табандылықта, әке, сіз берген тәрбиені сеземін. Сіздей әкенің ұрпағы болғанымды мақтанышпен айта аламын. Перзенттің әр қадамы әке мен шешенің үмітін ақтау ғой. Аллаға шүкір, көзі тірісінде үмітін ақтап, батасын алып үлгердік. Берген батаңыздың нұры әлі де жолымызды жарық қыла берсін. Бүгін әкемізді еске алып, Қыдекең екеуміз ақ дастарханымызды жайып, ауызашар бердік. Ауызашарға келген әр қонағымыз қол жайып, "Әумин!" деді. Алла разы болсын! Оқылған Құранымыз қабыл болсын! Жатқан жеріңіз жарық, жаныңыз жәннатта болсын, Жан Әке!" – деп түйіндеді Қарақат Әбілдина.
Қарақат Әбілдина туралы
Қарақат Әбілдина – қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, ұлттық мұраны дәріптеп келе жатқан өнер иесі. Ол 1978 жылы 7 наурызда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Байғұл ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Қарақат – бір үйдің он бесінші перзенті. Әкесі Тұяқбай совхоз директоры қызметін атқарса, анасы Қаламқас 16 құрсақ көтерген ардақты ана болған. Осындай тәрбиелі, еңбекқор отбасында өскен өнерпаз жастайынан әнге жақын болып, ұлттық өнерге ерекше ықылас танытты.
Қарақат Әбілдина Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында "Домбырамен халықтық ән айту" мамандығы бойынша білім алды. Оның ұстазы – "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәуле Жанпейісова. Кейін орындаушылық шеберлігін жетілдіру мақсатында аспирантураны Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың жетекшілігімен тәмамдады. Бұл білім мен кәсіби дайындық оның сахнадағы биік деңгейін қалыптастырды.
2003 жылдан бастап ол "Гүлдер" мемлекеттік ансамблінің жетекші солисі ретінде өнер көрсетіп келеді. 2005 жылы "Ару ғұмыр" атты алғашқы жеке шығармашылық кешін беріп, көрермен ықыласына бөленді. Әнші тек Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсетті. 1993 жылы Санкт-Петербургте өткен халықаралық балалар байқауына қатысып, 1999 жылы Бельгияда жеке концертін өткізді. Сонымен қатар Қытайдың Шанхай қаласында және Аустрияда өткен мәдени шараларда қазақ өнерін танытты.
Қарақат Әбілдина шығармашылық жолында бірқатар беделді марапаттарға ие болды. 2001 жылы "Шабыт" халықаралық конкурсының дипломанты атанды, 2005 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығын иеленді. 2006 жылы "Алтын Самұрық" конкурсында "Жылдың теңдессіз ұлттық әншісі" номинациясы бойынша I сыйлық алды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді.
Өнердегі табыстарымен қатар, Қарақат Әбілдина – өнегелі отбасының иесі. Ол продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болмановтың жары. Ерлі-зайыптылардың Бекболат, Иманәли, Нұрәли және Айсұлтан есімді ұлдары бар. Қарақат үшін отбасы мен өнер – қатар өрілген өмір жолы. Ол ұлттық өнерді насихаттай отырып, ана ретінде де, өнер иесі ретінде де қоғамға үлгі болып келеді.